СҚО-ға Ресейден жеткізілген ағаштан қауіпті зиянкес табылды

Солтүстік Қазақстан облысына көрші Ресей елінен жеткізілген ағаш материалдарынан қауіпті зиянкес табылды. Карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жұмысын жүргізген сала мамандары құрылысқа әкелінген жалпы көлемі – 33 текше метр болатын қарағайдан қара сүген қоңызының дернәсілін анықтаған. Жауаптылар аталған факті бойынша дереу тексеріс ашылып, сараптама тағайындады. Қорытындыға сәйкес, заңбұзушылық расталды. Ал талапқа сай келмейтін өнім өртелді. Айта кету қажет, қара сүген қоңызы – ағашқа зиян келтіретін аса қауіпті паразит. Ол жасыл желектің қабығын, сүрегін зақымдайды. Әсіресе дернәсілдері ағаш ішінде тез дамып, орман қорымен ауыл шаруашылығына зиян келтіреді. Импорттық өнімді жеткізген азамат кінәлі деп танылды. Ол 130 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады.

ӨМІРХАН ҚАНЖІГІТОВ, ӨСІМДІК КАРАНТИНІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:
— ҚР өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін жеке кәсіпкерге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сот қаулысымен кәсіпкерге өнімді жою туралы шешім қабылданды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал