Жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістер қандай?

Бүгіннен бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енді. 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Ата заң ресми түрде қолданыста. Осылайша мемлекет соңғы отыз жыл бойы жұмыс істеген саяси жүйемен қош айтысып, жаңа басқару моделіне қадам басты.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Тура түнгі сағат он екіде Қазақстан отыз жылдан астам уақыт өмір сүрген Конституцияның күші тоқтады. Оның орнына елдің жаңа Ата заңы күшіне енді. Жаңарған Конституция көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да бұрынғысынан өзгеше. Ата заң преамбуладан, 11 бөлім және 96 баптан тұрады. Құжатқа екі жаңа бөлім қосылып, тағы төрт бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, құжат мәтінінің 84 пайызы өзгерді.

Жаңа Ата заңмен бірге мемлекеттік басқару жүйесі өзгерді. Ең үлкен жаңалық, қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтады. Оның орнына Құрылтай деп аталатын жаңа орган жұмысын бастайды. Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Оған 145 депутат тек партиялық тізіммен, толық пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бес жыл мерзімге сайланады.

Елде Президенттен кейінгі екінші адам болады. Ол – Вице-президент. Конституцияға сәйкес, Құрылтайдың алғашқы шақырылымы жұмысын бастағаннан кейін екі ай ішінде Мемлекет басшысы Құрылтай келісімімен вице-президентті тағайындайды.

Президент енді бұрынғыдай қайта-қайта сайлана алмайды. Конституция бойынша Мемлекет басшысы жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланады. Бұл норманы өзгертуге болмайды. Ал Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқара алмайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты жаңа нормалар пайда болды. Енді жұрттың дербес деректерін заңсыз жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға Конституция деңгейінде тыйым салынған.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ата заңымызда 21-бапта әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмаушылық, оның жеке және отбасылық құпиясы, оның жеке деректерін заңсыз жинау, оларды өңдеу, сақтау немесе пайдалану заңмен қудаланатыны жазылды. Сонымен қатар банк операцияларының, жеке депозит салымдарының құпиялылығы, азаматтардың, соның ішінде цифрлық технологияларды қоса қолдануды қоса алғанда, телефонмен сөйлесу, пошта арқылы хабарламалармен алмасу, басқа да құқықтары конституциялық деңгейге көтерілді.

Отбасы бұрынғыдай мемлекет қорғауында қалады. Бірақ неке ұғымы ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде нақты жазылды.

НАЗГҮЛ ТҰЯҚБАЕВА, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТАЛДАУШЫСЫ:
— Конституция неке, отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болуына кепілдік береді. Бұл отбасы институтын қорғаудың конституциялық негізін қалыптастырады. Отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік құқықтар да Конституцияда көрініс тапқан. Мәселен, әркімнің денсаулығын сақтауға, білім алуға және әлеуметтік қамсыздандырылуға құқығы бар.

Конституцияда өлім жазасына толық тыйым салынды. Ал жер, жер қойнауы, су көздері мен басқа да табиғи байлықтардың халыққа тиесілі екені тағы бір мәрте нақтыланды.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Конституция күні де енді басқа датада тойланады. Бұған дейін бұл мерекені 30 тамызда атап өтсек, жаңа Конституция бойынша мереке күні референдум өткен 15 наурызға ауысады. Жаңа Конституцияның нәтижесі бүгін-ертең байқалмайтыны анық. Бірақ дәл осы күннен бастап елдің мемлекеттік жүйесі жаңа Ата заң талаптарына сай жұмыс істей бастады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал