Президент қазақстандықтарды жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады

Президент жаңа Конституцияның заңды күшіне енуіне байланысты қазақстандықтарды құттықтады. Мемлекет басшысы бұл күнді тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп бағалап, ауқымды саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция мемлекеттік институттарды жаңғыртуға және елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындауға негіз болады. Президент 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда халық тарихи таңдау жасағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұратымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.
Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін!
Қазақстан Республикасы жасай берсін!

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал