Демалушылар Балқаштың оңтүстік жағалауындағы жағдайға шағымданды

Балқаш көлінің оңтүстік жағалауына демалуға баратын тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен инфрақұрылымды жақсартуды сұрады. Өйткені онда заманға сай демалыс орны жоқ. Жол жағдайы сын көтермейді. Ауызсу құбыры мен кәріз жүйесі де тартылмаған. «Бұл туризмді дамытуға кері әсер етеді», — дейді демалушылар. Демалыс күндері Үлкен ауылына Алматы, Жамбыл облысынан 200-ге жуық адам келіп кетеді. Салаға жауапты мамандар Балқаштың оңтүстік жағалауының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 31 млн теңге бөлініп, жоба бастағанын айтты. Оған Үлкеннен көлге дейін тас жол төсеу, электр бағаналары мен ауызсу құбырын тарту және кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары кіреді.
ЕРКЕБҰЛАН КҮЛКЕЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Өздеріңіз көріп тұрсыздар жаңадан ашылып жатыр. Инфрақұрылымын біраз жақсарту керек. Жолды реттеу керек, кішкене жарнама жетіспейді. Бірақ өзгерістер бар, бес жыл бұрын мүлдем ештеңе болмаған. Енді атом электр стансасын салса, инфрақұрылымның бәрін жасайды деп ойлаймын.

НАДИРА ТІЛЕУБАЕВА, ҮЛКЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Үлкен ауылы Балқаш жағасында орналасқаннан кейін, туризмді дамыту үшін жеке кәсіпкерлерді, инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал