Шымкент зообағында жануарлар балмұздақпен қоректенеді

Жануарлар балмұздақпен қоректенеді. Шымкент зообағында аптап ыстық жануарлардың күтіміне де өзгеріс енгізді. Қазір олардың мәзіріне қызылша мен жемістерден дайындалған салқын балмұздақ қосылған. Ал вольерлерде су бүрку жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ыстыққа сезімтал аңдар салқындатқышы бар арнайы орынжайларды паналайды.
Аптап ыстық басталғалы аюдың мәзіріне балмұздақ қосылған. Әрине, бұл адам жейтін тәтті емес. Жеміс-жидек пен көкөніс мұзға қатырылып, жануарларға арнайы дайындалады. Ыстық күндері осылайша олардың ағзасын салқындатады. Мұндай ерекше ас өзге де жыртқыштарға беріледі.

ӘСЕМ УӘЛИХАНОВА, ЖЫРТҚЫШ АҢ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жазда жиі жасап отырамыз. Қазіргі таңда бұлардың дене температурасы адамның температурасына қарағанда өте жоғары, сондықтан сырттағы ыстық пен екі ортадағы қалпы жағдайды ұстау үшін біз дәнді дақылдарды, көкөніс пен жемістерді мұзбен береміз.

Маймыл аптаптан осылай қорғанады. Қызметкерлер вольерлерге таңертең және түстен кейін су шашып, ауаны салқындатып отырады. Кейбір орынжайларда тіпті үздіксіз тамшылату арқылы су бүркіп тұрады. Ал хауыздар бұл күндері ең танымал орынның біріне айналған. Суға шомылып сергіген жануарлар шіліңгір ыстықты осылай жеңіл өткеріп жатыр.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Зообақта жануарлар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті қоршаулардың ішіне салқындатқыш қойылған. Салқын ауа райын жақсы көретін пума, леопард осындай аптап ыстықта қоршаудың ішінен шықпай демалады.
Ыстыққа төзімі төмен жыртқыштар арнайы орынжайларда тынықса, бауырымен жорғалаушылар орналасқан террариумдарда күннің тікелей түсуіне жол берілмейді. Қолтырауын мен жылан аптап уақытта суда қозғалысын барынша азайтып, күннің қызуы басылған кезде ғана белсенді бола бастайды.

БАҒДАТ ӘМЗЕБЕК, ЗООЛОГИЯ БАҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
-Жануарлардың түрлеріне қарай түрлі әдістермен салқындату жұмыстарын жүргіземіз. Көкөністерді немесе басқа да өздерінің азықтарын мұзға жасыру немесе талға іліп беру арқылы береміз. Бұл жануарларға инстинктін жоғалтпауға мүмкіндік береді және жазғы маусым кезінде оларды салқындықта, баланста ұстауға үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінде Шымкент зообағында жануардың 300-ден астам түрі бар. Жалпы саны 3 жарым мыңнан асады. Хайуанаттар бағы аумағында субұрқақ мен саялы ағаш аптаптың әсерін азайтып, келушілерге де жайлы орта қалыптастырып тұр. Сондықтан мұнда жаздың ыстығында да серуендеуге қолайлы жағдай жасалған.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал