Алматы облысында өзендер тасып, тұрғын үйлерге қауіп төнді

Алматы облысында өзендер арнасынан асып, бірқатар елді мекенде жағдай күрделенді. Түрген өзенінің көтерілуінен туристік аймақтар мен жолдар су астында қалып, ондаған адам эвакуацияланды. Қаскелең маңында да су топырақты шайып, тұрғын үйлерге қауіп төндіріп отыр. Қарасай ауданында жағалаудың опырылуына байланысты кейбір үйлер уақытша көшірілді, ал өңірде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Ақсай өзен суының арыны сәл басылғанымен, ағыны қатты. Мамандар қорғаныс бөгетін тазалап, нығайту жұмыстарын жүргізді. Судың кедергісіз ағуы үшін өзен арнасын кеңейтті. Құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікті жалғастырып жатыр. Жергілікті тұрғындар қауіптенгенімен, бәрі бірдей үйлерін тастап кетуге асығар емес.

Құтқарушылардың айтуынша, жағдай бақылауда. Табиғат апатының салдары болғанымен, олар жедел жойылып жатыр. Ақсай өзенінің бойында бір жеке тұрғын үйдің моншасы бүлінген. Сондай-ақ су сауда нысанының бірін басқан. Барлық мәселе дер кезінде шешілген.

АСҚАР ЖАМАНҚҰЛОВ, ТЖД БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда Ақсай өзені бойында жағдай тұрақты. Алдын алу мақсатында инженерлік техникаларды Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдармен бірге осы жаққа жұмылдырдық. Тазалау жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында су деңгейінің қатты көтерілмеуі қамтамасыз етілді.

Ал Алматы облысында жағдай күрделірек болған. Еңбекшіқазақ ауданында Түрген өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Түрген – Ассы автожолының бір бөлігін, туристік нысандар мен жағалау аумағын су басып қалған. Қауіпті аймақтан 58 адам көшірілді. Соның 21-і – бала, сегізі – шетел азаматы. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ Қаскелең қаласындағы өзендердің маңында да жағдай алаңдатарлық. Күшті су ағыны тұрғын үйлердің астындағы топырақты шайып жатыр.
Бүгін таңертең Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай» карьері аумағында өзен жағасының шайылуынан топырақ опырылды. Қауіпсіздік мақсатында тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша эвакуацияланды. Оқиға орнында инженерлік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал