Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза болды

Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген жеңіл көлікті тоқтатуға шыққан. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның Chevrolet Cobalt қызметтік машинасы жол-көлік оқиғасына ұшырады. Салдарынан қалалық патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Қонысбеков ауыр жарақат алып, оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, апаттың нақты себебі анықталып жатыр.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы Полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал