Жәбірленуші тарап Нұрай Серікбай ісіндегі кемшіліктерді атады

Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Дегенмен жәбірленуші тарап мұнымен келіспейді. Өйткені іс құжаттарымен танысу барысында көптеген кемшілік пен қаралмаған өтініш анықталған. Адвокат істі тергеу үшін кері қайтаруды сұрап, прокуратураға шағым түсіргенін айтады.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Зерделегеннен кейін бізде бірқатар сұрақ туындады. Яғни іс бойынша біздің қаралмай қалған өтінішхаттарымыз бен елеулі кемшіліктер анықталды. Соның бәрін жинақтап, прокурорға шағым келтірдім. Шағымда сол кемшіліктің бәрін көрсетіп, орнын толтыру үшін істі қайта тергеуге қайтаруды сұрадым. Алайда бүгінгі таңға дейін бұл шағымға әлі жауап келтірілген жоқ. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергеу әрекеті аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберілді.
Марқұмның жақындары прокуратура істі қарағанда айыптауды қысқартуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды. Олар «сталкинг» және «некеге тұруға мәжбүрлеу» бабын алып тасталуы мүмкін дейді. Сол себепті Бас прокурордан істі қатаң бақылауды сұрады.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
— Үндеу бойынша біз Бас прокурор Берік Асылов мырзаға жіберген болатынбыз. Яғни осы шағымдардың негізгі мақсаты – үш бап бойынша бекіту, «сталкинг», «алып қашу» және «аса қатігездікпен адам өлтіру». Өйткені қазір материалдардың зерттелуіне байланысты бұл баптар өзгеруі мүмкін, біз содан қауіптеніп отырмыз. Өйткені прокуратура бекітіп берген нәрсе сот барысына тікелей әсер етеді. Қазір бізде Нұрпейісов Сержанның орнына Ахметов Мұхамеджан деген адвокат кірісті. Яғни екі адвокат – Омаров Аянхан және Ахметов Мұхамеджан біздің тараптан шығады.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал