Президент шетелдік инвесторларға Қазақстанның экономикалық жоспарын таныстырды

Президент шетелдік инвесторларға Қазақстанның алдағы экономикалық жоспарын таныстырды. Инвесторлар кеңесінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасы жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, өсім көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр ішкі жалпы өнім алғаш рет 300 миллиард доллардан асып, Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция тарту бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалған. Мемлекет басшысы жаңа Конституция инвесторлардың құқығын бұрынғыдан да сенімді қорғайтынын айтып, елде бизнеске қолайлы орта қалыптасқанын жеткізді. Инвестициялық жобаларды жедел іске асыру үшін цифрлық платформа мен Инвестициялық штабтың жұмысы күшейтілмек. Президент ауыл шаруашылығын цифрландыруға ерекше мән берілетінін айтып, соңғы екі жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 миллион тонна – астық жиналғанын мысалға келтірді. Ендігі мақсат – шикізат сатумен шектелмей, агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналу. Бұл үшін Қазақстан халықаралық инвесторларды жасанды интеллект, роботтандыру және заманауи өндіріс технологияларын енгізуге белсенді қатысуға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Инвестицияға цифрлық дәуір талабына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады.

ЖЕРОМ БОЙЕ, ALSTOM КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАТЫС ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Компания 2023 жылы Қазақстанда 50 млн еуролық инвестициялық жобаны бастап, 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаражаттың негізгі бөлігі оңтүстіктегі төрт локомотив депосын дамытуға және Орта дәліздің жұмысын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, локомотивтердің техникалық жағдайын алдын ала болжайтын жасанды интеллект жүйесі енгізілді.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал