Әлемдік экономика баяулап, көптеген елде инвестиция азайып жатқан шақта Қазақстан үшін күтпеген қорытынды жарияланды. Халықаралық World Impact Media ұйымының зерттеуіне сүйенсек, ел экономикасы мұнайға бұрынғыдай тәуелді емес. Баяндаманы Reuters агенттігі жариялады. Сарапшылар мұны экономиканың әртараптанып келе жатқанымен байланыстырады.
Reuters агенттігі жариялаған есепке сүйенсек, биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 3,7 пайызға өскен. Ал өткен жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,5 пайыз болған. Ең бастысы, өсімді енді тек мұнай өндірісі қамтамасыз етіп отырған жоқ. Құрылыс қарқыны 13,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9 пайызға, көлік және логистика 8,4 пайызға, сауда саласы 5,6 пайызға артқан. Яғни экономиканың бірнеше бағыты қатар дамып келеді. Халықаралық World Impact Media ұйымы сарапшылары: «Мұндай өзгерістің негізгі себебі – инвестиция көлемінің ұлғаюы», — дейді. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 20 жарым миллиард долларға жеткен. Ал жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған инвестиция көлемі 19 миллиард долларды құрап, бір жылдың ішінде екі жарым еседен астам көбейген. Әрине, сарапшылар Қазақстан экономикасы толықтай мұнайдан бас тартты деген пікірден аулақ. Дегенмен мұндай үрдіс көңілге қуаныш ұялатады.
ӘНУАР НҰРТАЗИН, ЭКОНОМИСТ:
— Бүгінде энергетика саласы республиканың салық түсімдерінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ бұл жерде маңыздысы – елге келетін валюталық түсім. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға түсетін долларлық түсімнің 90 пайызы энергетика секторына, оның ішінде, ең алдымен, мұнай саласына тиесілі екенін атап өткен жөн.
Бұл – бұрыннан келе жатқан үрдіс. Оны өзгерту үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Инвестициялық штаб құрылып, барлық рәсімді цифрландыруға арналған ұлттық платформа іске қосылды. Экономикалық зерттеулер институтының маманы Әлішер Базарбаев та: «Экономиканың біртіндеп әртараптанып жатқаны байқалады», — дейді. Оның айтуынша, мұнайға тәуелділік толық еңсерілді деуден гөрі, оның біртіндеп азаю үдерісі жүріп жатыр деген дұрыс. «Мұны бір жылдың қорытындысымен емес, экономиканың бірнеше жыл ішіндегі құрылымдық өзгерісі арқылы бағалау қажет», — деп есептейді сарапшы.
ӘЛІШЕР БАЗАРБАЕВ, ЭЗИ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Экономикалық өсімнің түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Сонымен бірге ішкі жалпы өнімнің өсуі мен халық табысының артуы арасында белгілі бір уақыт аралығы болатынын түсіну қажет. Экономика ірі инвестициялық жобалардың есебінен жоғары қарқынмен өсуі мүмкін. Алайда оның азаматтардың әл-ауқатына әсері бірден емес, уақыт өте келе біртіндеп байқалады.
Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлармен кездесті. Астанада Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы өтті. Президент Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестиция тартудағы көшбасшылық орнын сақтап қана қоймай, Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың біріне айналуына бағытталған ауқымды стратегияны таныстырды. Оның өзегінде жасанды интеллект, цифрлық экономика және халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер бар.
ЖЕРОМ БОЙЕ, ALSTOM БАТЫС ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Компания 2023 жылы Қазақстанда 50 млн еуролық инвестициялық жобаны бастап, 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаражаттың негізгі бөлігі оңтүстіктегі төрт локомотив депосын дамытуға және Орта дәліздің жұмысын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар локомотивтердің техникалық жағдайын алдын ала болжайтын жасанды интеллект жүйесі енгізілді.
Жалпы алғанда, бұл зерттеу Қазақстан мен Орталық Азияның бүгінде қарқынды дамып жатқанын және еліміздің экономикалық дамуында оң үрдіс қалыптасқанын көрсетеді. «Оң өзгерістер бар екені рас. Бірақ бұл – сол өзгерістердің басы ғана», — дейді маман. Қазір ішкі жалпы өнім өсіп жатыр және басқа да оң көрсеткіштер байқалады. Егер осы үрдіс алдағы уақытта да сақталса, оның нәтижесі әрбір азаматтың өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізеді. Алайда оған уақыт қажет.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.