Таразда балаларға өрт пен судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Қазір шомылу маусымы мен өрт қаупі жоғары уақыт. Тараз қаласында өткен «Қауіпсіз балалық шақ!» іс-шарасы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. Мамандар от пен суда қалай қорғану керектігі, оның ережелерін түсіндірді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары теориямен ғана шектелмей, өрт сөндіргішті қалай қолдану керектігін де көрсетті. Сонымен қатар балаларға суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету және төтенше жағдайда өзін дұрыс ұстау жолдарын үйретті. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 200-ден астам өрт тіркеліп, одан келген шығын 28 миллион теңгеден асқан. Сондай-ақ өрт сөндірушілер оқушыларға өрт шыққан жағдайда қай нөмірге хабарласу керегін еске салып, өрт қауіпсіздігі бойынша сұрақтар қойды. Дұрыс жауап берген балаларға естелік сыйлықтар табысталды.
КАРИНА КАРТАШОВА, ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
— Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Табиғи және дала өрттерінің негізгі себебі әлі де адам салғырттығынан туындап отыр. Атап айтқанда, сөндірілмеген от, темекі тұқылын тастау, құрғақ шөп пен қоқысты өртеу, отпен абайсыз жұмыс істеу және балалардың отпен ойнауы өрттің шығуына себеп болады.

РАЯНА ДАНИЯРҚЫЗЫ, ОҚУШЫ:
— Іс-шара өте қызықты өтті. Бізге жер сілкінісі мен өрт кезінде қалай әрекет ету керегін түсіндірді. Сондай-ақ, техникалармен танысып, өрт сөндіру көлігінің ішін көрдік.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал