Сән мен дәстүр тоғысқан Жезқазған. Қалада өткен этно-сән көрсетілімі ұлттық мәдениетті заманауи сәнмен ұштастырды. Дизайнерлердің ерекше топтамасы мен қолөнер туындысы көрерменді тәнті етті.
Ауқымды этно-сән көрсетіліміне Ұлытау өңірінің ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан келген сән саласының шеберлері мен ұлттық мәдениетті бағалайтын меймандар қатысты. Көрсетілім мінберіне Орал, Қызылорда және Шымкент қалаларынан келген дизайнерлердің топтамалары таныстырылды. Ерекше жоба қазақ халқының ұлттық дәстүрін заманауи сән тілі арқылы жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік берді.
Подиумда ұлттық ою-өрнектер, қазақтың дәстүрлі киім үлгілерінің элементтері мен әлемдік сәндегі жаңа бағыттар үйлесім тауып, ерекше авторлық образдарға айналды. Бұл отандық сән индустриясының тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.
ВИОЛЕТТА БОНДАРЕНКО, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ:
— Әсерім өте керемет! Әртүрлі әдемі образдар ұсынылды. Біз бұл көрсетілімге бір ай бойы дайындалдық. Бұл мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Осындай ауқымды жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын.
Этно-сән көрсетілімі тек сән мінберімен ғана шектелген жоқ. Меймандарға ұлттық әшекейлер, этникалық нақыштағы заманауи киімдер, авторлық картиналар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бірегей туындылары қойылған арнайы көрмелер ұсынылды.
Кеш соңында дизайнерлер, қолөнер шеберлері және ақпараттық серіктестер марапатталды. Бірақ қатысушылар үшін ең үлкен марапат ұлттық мәдениеттің заман талабына сай дамып, түрлі буын өкілдерін шабыттандырып, біріктіре алатынын көрсету болды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.