Бірқатар лауазымды тұлғалар қайта тағайындала немесе қайта сайлана алады – Конституциялық Сот

Бүгін Конституциялық сотта Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түсу құқығына қатысты түсініктеме берілді. Соттың мәліметінше, 1995 жылғы Конституцияға сәйкес жекелеген мемлекеттік лауазымдарды атқарған тұлғалар елдің жаңа Негізгі заңы күшіне енгеннен кейін осы Конституцияда көзделген тиісті лауазымдарға сайлана немесе тағайындала алады. Мұндай сайлану немесе тағайындалу 2026 жылғы Конституция бойынша алғашқысы болып есептеледі. Белгілі болғандай, Конституциялық соттың бұл түсіндірмесі Президенттің жаңа Конституцияның бірнеше нормасын ресми түсіндіру туралы өтінішінен кейін жарияланды. Өтініште «1995 жылғы Конституцияға сәйкес, қызмет атқарып жүрген тұлғалардың жаңа Конституцияда көрсетілген лауазымдарға сайлануына немесе тағайындалуына бола ма?» деген мәселе көтерілген. Сотта аталған конституциялық нормалардың мазмұнына сәйкес, ондағы шектеулер адамның тиісті лауазымға, тек қолданыстағы Конституцияда және соған сәйкес қабылданған нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен бұрын сайланғанына немесе тағайындалғанына ғана қатысты екені атап өтілді. Қарапайым тілмен айтқанда, қолданыстағы Конституция бірқатар лауазымға шектеу қояды. Бір адам Президент болып, бір реттен артық сайлана алмайды. Сондай-ақ бір адам Конституциялық соттың судьясы немесе төрағасы, Жоғарғы соттың төрағасы және Бас прокурор қызметтеріне бір реттен артық тағайындалмайды. Алайда Конституциялық сот бұл нормаларды қолдану кезінде 1995 жылғы Конституция бойынша атқарылған қызмет мерзімдері, сол Конституцияға сәйкес болған сайланулар мен тағайындаулар есепке алынбайтынын түсіндірді. Сондықтан 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу алғашқысы болып саналады.

ЖАМАЛАДЕН ИБРАГИМОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
– Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, ең бірінші, 43-баптың 1-тармағына сәйкес, бізде, әрине, Конституцияда бір тұлға Президент болып бір ғана мерзімге – жеті жылға сайланады. Бірақ ол баптың ережесі өзгертілмейді деп жазылған. Бірақ 1995 жылғы 30 тамыздағы өзінің күшін жойған Конституцияның негізінде сайланған тұлға үшін бұл баптың заңдық күші жоқ. Өйткені 2026 жылғы Конституциядағы норма сол Конституция күшіне енгеннен кейін сайланған немесе тағайындалған тұлғаға байланысты. Сондықтан да жаңа Конституцияға сәйкес Президент сайлауы бекітілуі немесе жариялануы мүмкін. Сол сайлауға Конституцияға және заңға сәйкес барлық талапқа сай келетін азаматтар қатыса алады. Сондықтан да бұл конституциялық бап жаңа Президенттің сайлануына ешқандай кедергі келтірмейді.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал