Ресейдегі мұнай-газ өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдары Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне еш әсер етпейді. Бүгін Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі осылай деп мәлімдеді. Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, елде жанар-жағармай мен газ қоры жеткілікті. Сондықтан халық үшін жанармай немесе газ тапшылығы қаупі жоқ. Вице-министр соңғы уақытта шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағармайға сұраныс артқанын айтты. Осыған байланысты елімізде арнайы шектеу енгізілген. Енді бір автокөлікке Қазақстан аумағынан жанар-жағармай алып шығуға бір реттен артық рұқсат берілмейді. Бұл талап барлық шекаралық аймақтарға қатысты.
ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Омбы мұнай өңдеу зауытында болған жағдайға байланысты келесіні айтамын. Біріншіден, бұл жағдай біздің мұнай өңдеу зауыттарына ешқандай әсерін тигізбейді. Сонымен қатар Энергетика министрлігі ұлттық компаниялармен қоса, қазір ішкі жанар-жағармай қорын қалыптастырдық. Ол біздің халықты тұрақты қамтамасыз етуге жағдай беріп отыр. Энергетика министрлігі өз тарапынан мүдделі мемлекеттік органдармен қоса, тәулігіне бір реттен артық біздің мемлекетке кіруге, шығуға рұқсат бермейтін ережені қабылдадық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.