Жеті партияның үшеуі Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттардың партиялық тізімін жариялады. Мәселен, Respublica партиясы сайлауға қатысатын 76 үміткердің тізімін таныстырды. «Тізімге кәсіби білікті әрі қоғамның әртүрлі сала өкілдері енді», дейді партия мүшелері. Кандидаттардың орташа жасы – 41. Құрамында 44 ер адам, 32 әйел, 11 жас өкіл және мүмкіндігі шектеулі 3 азамат бар. Делегаттар Айдарбек Қожаназаровтың партия төрағасы ретіндегі өкілеттігін тағы үш жылға ұзартуды қолдап, дауыс берді.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, RESPUBLICA ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Кез келген экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді жүзеге асыруда заң және тәртіпті қажет етеді. Бірақ кез келген реформа тек адам өмірін жақсы жаққа өзгерткенде ғана мағына береді.
«Ауыл» партиясы да өзінің партиялық тізімін бекітті. Кезектен тыс съезде тізімге 69 кандидат енгізілді. Оның 71 пайызы – ер, 29 пайызы – әйел. Үміткерлердің орташа жасы – 46. Олардың қатарында президенттікке бұрын түскен екі үміткер, шаруалар, ғалымдар бар. Делегаттар сондай-ақ сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол өңірлерді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экология мәселелерін шешуге бағытталған төрт негізгі бөлімнен тұрады.
Құрылтай сайлауына ұсынатын кандидаттардың тізімін «Ақ жол» демократиялық партиясы да бекітті. Тізімге 63 адам енген. Ішінде партияның бұрынғы және қазіргі төрағалары Азат Перуашев пен Дания Еспаева бар. Енді партиялық тізімін «Байтақ», Қазақстанның Халық партиясы және «Әділет» партиясының делегаттары бекітуі тиіс. Еске салайын, Орталық сайлау комиссиясы алдағы Құрылтай сайлауына жеті саяси партияның қатысуына рұқсат берді. Кандидаттарды ұсыну 13 шілдеге дейін жалғасады. Ал Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.