Су айдындарында жазатайым жағдайлардың алдын алуда астаналық құтқарушылар заманауи технологияны барынша пайдаланып жүр. Нәтиже де жоқ емес. Шомылу маусымы басталғалы 6 адам құтқарылды. Жағажайда қауіпсіздік қаншалықты сақталған? Ережені елемегендер қалай жазаланады?
Төтенше жағдайлар департаментінің жедел басқару орталығы. Бұл жерде Астанадағы су айдыны мен жағажайдағы қауіпсіздікке тәулік бойы бақылау жүргізіледі. Хабар түскен бойда камера арқылы адамның нақты қай жерде екені анықталады. Осыдан кейін жақын маңдағы құтқару қайығы немесе жаяу патруль жедел жіберіледі.
АЙДАНА ІЛИЯСОВА, ТЖД 112 БӨЛІМ ДИСПЕТЧЕРІ:
– Бір кісі суға түсіп жатса, секірген жағдайлар болса камера бағытталып тұрса ғана көреміз. Адамдар суға түсіп жатқан жағдайларды көрсек, алдын алу мақсатында патруль жібереміз. Сарыбұлақ өзені, Есіл өзені, Есіл Нұра каналдарына бағытталған 128 камера орнатылған. Күнделікті камераларды ауыстырып қарап отырамыз.
Ал бейнебақылау камерасы орнатылмаған аумақ дронмен бақыланады. Әуеден шолу жасау арқылы адамды іздестіру-құтқару едәуір жеңілдей түскен. Қазір елордада 34 жаяу патруль жұмыс істейді. Ал суда 6 құтқару қайығы, 2 квадрацикл күні-түні кезекшілікте жүр. Астанада шомылуға арналған 5 жағажай аймағы бар. Өзгесіне тыйым салынған. Қауіпсіздік ережесін ескермесеңіз, 33 мың теңге айыппұл салынады.
Еліміздегі су айдынында 296 бейнебақылау камерасы бар. Жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ бірден хабар беретін дрон қолданылады. Мәселен, Алматы, Қонаев қаласы мен Абай және Жетісу облысында жасанды интеллект элементі бар 100- ге жуық камера жұмыс істейді. Қауіпті аймаққа кірген адамды автоматты түрде анықтап, дыбыстық ескерту береді. Жалпы, биыл шомылу маусымы басталғалы Астанада 6 адам құтқарылды. Рұқсат етілмеген аумақта екі бала суға кеткен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.