Семейде жеті балабақшаның қызметкері жалақыларын ала алмай отыр

Семейде жеті бірдей мемлекеттік балабақшаның 300-ден астам қызметкері еткен еңбегінің төлемін ала алмай отыр. Оларға демалыс пен сауықтыру ақысы төленбеген. Шарасыз тәрбиешілер құзырлы органдарға да шағымданған. Бірақьәзірге нәтиже жоқ.

Гүлнұр Құдайбергенова мемлекеттік балабақшада 14 жылдан бері еңбек етеді. Маусымның 1-інде демалысқа шыққан. Бірақ содан бері бір тиын да алмапты. Енді бірер күннен кейін жұмысына оралуы керек. Осындай жағдайда жүздеген тәрбиеші жүр. Көпшілігінің несие төлемі бар. Олардың барлығы жоспарлаған демалысын да, балаларын қыдырту да кейінге қалдырған.

ГҮЛНҰР ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:
– Демалмай, емделмей, өзімізге көңіл бөлмей қалдық. Енді ақшасыз қалай көңіл бөлеміз? Міне, жиырма күннен кейін мен жұмысқа қайта шығамын. Қандай күйде жұмысқа шығамын?Ары қарай жұмысты қалай істеймін? Осы сұрақ бізді мазалап отыр.

ШЫНАР БЕГАЛИНОВА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:
– Несие төлеу керек, ипотекамыз бар, балалардың киімі мен тамағы бар. Демалысқа шыққан соң, қыдырғымыз келеді. Ешқайда бара алмай жатырмыз. Уақыт болса өтіп жатыр.

Наразы топтың арасында жалғызбасты аналар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған қызметкерлер де бар.

ЮЛИЯ НЕУМЫВАКО, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕШІСІ:
– Мен мүмкіндігі шектеулі екі баланың анасымын. Балаларымды емдету үшін жұмыс істеймін. Бірақ қазір дәрі-дәрмек алуға да қаражат жоқ.

Семей қаласының білім бөлімі төлемдердің кешігуіне бюджет қаражатын басқару тетігіндегі құқықтық қайшылық себеп болғанын мәлімдеді. Айтуларынша, қалада ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қызметкерлер еңбек демалысына шыққан кезде қолданыста болған қаржыландыру алгоритмінде қаражатты алдын ала аванс ретінде төлеу тетігі қарастырылмаған.

ҒАЛИЯ НҰРҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
– Өзгерістердің ресми күшіне енуіне байланысты, Білім бөлімі «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, шарттарды барынша қысқа мерзімде жасасу үшін барлық қажетті техникалық және рәсімдік іс-шараны жедел түрде жүргізіп жатыр. Қаржы орталығымен 2026 жылдың 10 шілдесіне дейін келісімшарт жасалады, 25 шілдеге дейін қаражат толығымен аударылады.

Білім басқармасы мәселе министрліктің бақылауында екенін айтып, төлемнің жақын күндері толық өтелетініне сендірді. Алайда оған да уақыт керек сияқты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал