Алакөл биыл екі миллионнан астам туристі қабылдауға дайын. Жазғы маусым қарсаңында курортта инфрақұрылым жаңартыла бастаған. Қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Сонымен қатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Алакөл туристерді қабылдауға сақайдай сай. Жаңа жазғы маусым қарсаңында жағалауға жаңа дәретхана, киім ауыстыратын кабина, қоқыс жәшігі, құтқару мұнаралары мен ақпараттық тақталар орнатылған. Мұның бәрі демалушылардың жайлы әрі қауіпсіз демалуы үшін жасалып отыр. Қоғамдық тәртіпті полиция да, құтқарушылар мен медицина мамандары да осында. Бейнебақылау камералары жұмыс істейді, ал суға түсуге қауіпсіз аймақ арнайы қалқымалармен белгіленген.
Жергілікті биліктің мәліметінше, туристік маусымға дайындық толық аяқталған. Дегенмен жағалауды абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
МАРЛЕН КӨЛБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Қазір электр желісі түгел жаңартылып, жаңадан жүргізілді. Бүгінгі күні электр қуатына байланысты мәселе жоқ. Екінші, су жүйесі түгел орталықтандырылған. Бәрі сапаға сай.
Демалушылар үшін киім ауыстыратын 30 кабина, құтқару мұнаралары салынған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ақши ауылында 30, Көктұма ауылында 9 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Ең ірі жобалардың бірі – туристер жиі демалатын Ақши ауылында жаңа кәріз-тазарту құрылысының салынуы. Құны шамамен 10 миллиард теңгені құрайтын жоба жыл сайын артып келе жатқан туристер санын ескере отырып әзірленген.
МӘДИ ОТАРБАЕВ, МЕРДІГЕР:
– Қазір осы Алакөл Ақши ауылында канализация салып жатырмыз. Бірінші кезекте біз 70 шақырым кәріз су салдық.
Биыл Алакөлге екі миллионнан астам демалушы келуі мүмкін. Қонақ қабылдайтын 320 демалыс базасы дайын. Жергілікті биліктің айтуынша, атқарылған жұмыстар мен жалғасып жатқан абаттандыру еліміздегі ең танымал курорттың бірін бұрынғыдан да жайлы әрі тартымды ете түспек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.