Ән мен жыр шырқалып, күй күмбірледі. Елордада Ұлттық Домбыра мен Астана күніне орай «Асыл мұра» концерті өтті. Биылғы мерекелік бағдарламаға 90-ға жуық өнерпаз қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерінің бай мұрасын заманауи форматта ұсынды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған мәдени кеште Жетісу, Алтай–Тарбағатай, Арқа, Сыр және Батыс Қазақстан өңірлерінің дәстүрлі әншілік және күйшілік мектебінің өнері кеңінен таныстырылды. Әр өңірдің өзіндік орындаушылық ерекшелігін айқындайтын халық әні, күйі, жыр-термесі шырқалды.
НАЗГҮЛ САРЫБАЙ, «АСЫЛ МҰРА» ЖОБАСЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:
– Бұл бағдарламаның өзіндік арқалаған жүгі бар. Себебі біз жыл сайын көрерменге бұрын орындалмаған шығармаларды алып шығуға тырысамыз. Бұрын жарыққа шықпаған адырна сияқты аспаптарда ән орындау дәстүрін көрсетеміз.
Ұлттық Домбыра күніне арналған «Асыл мұра» концерті биыл төртінші рет өткізіліп келеді. Өнер иелері ән кешінде ұлттық музыканың сан қырын паш етіп, көрерменге рухани әрі мерекелік көңіл күй сыйлады.
Биыл «Асыл мұра» концертінде техникалық мүмкіндік те кеңінен пайдаланылды. Графикалық анимация мен жасанды интеллект көмегімен жасалған визуалды көрініс қазақ даласының ұлттық тұрмысын әсерлі бейнеледі. Бұл дәстүрлі өнердің мазмұнын жаңа қырынан ашты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.