Бір алаңда жүздеген жас спортшы күрестің бірнеше түрінен бақ сынады. Елорда күніне арналған додада болашақ чемпиондар кім екенін көрсетті. Жасөспірімдер алты бағыт бойынша белдесіп, көрерменді тәнті етті
Жасөспірімдер арасындағы күрес фестиваліне 150-ге жуық спортшы жиналды. Олар бес салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Бұл фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Жарыс басталысымен спортшылар өз шеберліктерін көрсете бастады. Бірі алғашқы белдесуін сәтті өткізсе, енді бірі өз кезегін тағатсыздана күтті.
АСЛАН АБДРАХМАН, ГРЕК-РИМ СПОРТШЫСЫ:
– Мен алаңға шыққанда қобалжымаймын, өзіме сенімді боламын. Себебі осындай жарыстарға көп қатысамын.
Ал қазақ күресі бойынша белдесулер ерекше тартысты өтті. Бірінші болып 65 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар бозкілемге шықты.
ЕРНҰР СЕРІКОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН СПОРТШЫ:
– Көңіл күйім жақсы, қарсыласым өте жақсы дәрежеде жаттығу жасаған.
Ернұр Серіков бұл жарысқа жалғыз келген жоқ. Ол егіз бауыры Арнұрмен бірге қатысып жатыр. Ағайындылар бес жасынан бері спортпен айналысады. Жарыстарға да үнемі бірге барып, бір-біріне қолдау көрсетеді.
АРНҰР СЕРІКОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН СПОРТШЫ:
– Кімнің қандай қателігі бары сырттан көрініп тұрады. Соның бәрін айтып отырамын, өзім шыққандай боламын.
Мұндай жарыстар – жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі спорт тек денені шынықтырып қана қоймай, тәртіпке және достыққа баулиды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.