НАТО-дағы дау: Трамп Еуропаны қыспаққа алды

Түркия астанасы Анкара жаһандық саясаттың бас орталығына айналды. Мұнда Солтүстік Атлантикалық альянстың тағдыршешті 36-шы саммиті басталды. Көшбасшылардың басқосуына ерекше реңк берген, әрине, АҚШ Президенті Дональд Трамптың келуі. Ол Еуропа елдеріне қысымды ұшақтан түспей жатып-ақ бастап жіберді.

Трамп өзімен бірге Анкараға 1400 адамнан тұратын үлкен делегация ала келді. АҚШ басшысы ең жоғары деңгейдегі бес жұлдызды JW Marriott Hotel Ankara қонақүйіне жайғасты. Бірақ таңғаларлығы бұл емес. АҚШ Президентінің денсаулығы туралы мәлімет сыртқа кетпеуі үшін, арнайы хаттама бойынша оның жеке қалдықтарын (дәретхана қалдықтарын) жинап, кері алып кететін арнайы қызметкерлер де осы қонақүйде бірге орналасқан. Міне, нағыз супер-қауіпсіздік!

МАРК РЮТТЕ, НАТО БАС ХАТШЫСЫ:
⁃ Біз қазір өте күрделі кезеңде тұрмыз. Әскери шығындарды ұлғайту — уақыт талабы. Альянсқа мүше елдер қорғаныс бюджетін ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізу міндетін талқылап жатыр. Трамп мырзаның бұл талабы орынды, бірақ біз ортақ мәмілеге келуіміз керек

Дәл осы уақытта саммиттің басты модераторы – Режеп Тайип Ердоған кулуарда үлкен дипломатиялық маневр жасап жатты. Түркия басшысы Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийді осы қонақүйде жабық есік жағдайында кездестіруге күш салды. Ердоғанның мақсаты – Трамптың «соғысты 24 сағатта тоқтатамын» деген уәдесін Анкара алаңында нақты іске асыру. Екі оттың ортасында жүрген Ердоған Украинаға жаңа әскери көмек пакетін бекітуді де, Трампты да ренжітпеуді қатар алып жүр.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Түркия – НАТО-ның ең сенімді тірегі және біз бүгін Анкарада тарихи бітімгерлік миссияны атқарып отырмыз. Украинадағы соғысты әскери жолмен ғана шешу мүмкін емес, бізге әділ бейбітшілік керек. Трамп мырзамен де, Зеленский мырзамен де келіссөздер жүргіздік. Біздің мақсатымыз – тараптарды ортақ мәмілеге келтіріп, қантөгісті тоқтату

Саммиттің ең қызықты әрі қызған тұсы Трамптың «Гренландия» мәселесін қайта тірілтуі болды. АҚШ басшысы Анкарада тұрып: «Гренландияны Дания емес, АҚШ бақылауы керек» деп мәлімдеп, еуропалықтардың шамына тиді. Дания премьері Фредериксен Трамптың көзінше: «Гренландия сатылмайды, егемендігімізді құрметтеңіздер!» — деп жауап қайтарды. Бұл ашық текетірес кулуардағы үлкен дауға ұласты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ППРЕЗИДЕНТІ:
— Егер бұл саммит менің жақын досым Ердоған басқаратын Түркияда өтпегенде, мен мұнда мүлдем келмес те едім. Еуропа өз қорғанысы үшін ақша төлеуі тиіс. Біз бәрін өз мойнымызға ала алмаймыз. Менің НАТО-дан көңілім қалды.

Дау-дамайға қарамастан, Анкара саммитінен үлкен нәтижелер күтілуде. Атап айтқанда, Украинаға ондаған миллиард долларлық әскери көмек және миллиардтаған жаңа қару-жарақ келісімшарттары бекітілмек.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал