Сап-сау бала балабақшаға барып мүгедек болып қалды

Он екі мүшесі сау бала балабақшаға барып мүгедек болып қалды. Біздің редакциямызға хабарласқан Қосшы қаласының тұрғыны 4 жасар қызының ауыр жарақат алуына балабақша қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды дейді. Әйел полицияға бірнеше рет арызданғанымен, іс екі мәрте қысқартылыпты. Қазір қылмыстық іс қайта қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Балабақша қызметкерлерінің бұл оқиғаға қатысты уәжі қандай?
Сап-сау қызын балабақшаға тапсырған Алтынай Бекем әділдік іздеп жүр. Айтуынша, оқыс оқиға 6 наурыз күні Қосшыдағы «Болашақ» балабақшасында болған. Сол күні тәрбиеші балаларды шамамен 20 минут қараусыз қалдырған. Осы аралықта төрт жасар Айзерені басқа балалар орындықпен басынан ұрыпты. Әйелдің сөзінше, оқиғадан кейін қызына дер кезінде алғашқы медициналық көмек те көрсетілмеген. Бүлдіршін ауыр бас-ми жарақатын алып, кейін эпилепсия дертіне шалдыққан. Қазір төрт жасар Айзере мүгедектікке танылып, есепке алынды.

АЛТЫНАЙ БЕКЕМ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балабақшадан келген күннен бастап қызым тамақ ішпейді. Басы ауырып, құсқысы келіп жатқанын айтады. Біз тұмау тиген шығар деп ибуфен ғана береміз. 10 наурыздан 11-іне қараған түні қызым дірілдеп, талып қалады. Мүлдем ес-түссіз жатады. Ауруханаға барғаннан кейін, келесі күні сағат 10-дарда есін жияды.

Бұл – қазіргі Айзеренің жағдайы. Бүлдіршін дәрігерлердің тұрақты бақылауында, арнайы дәрі-дәрмекпен емделіп жүр. Анасының айтуынша, кез келген сәтте ұстамасы ұстап қалуы мүмкін. Ал балабақша басшылығы тәрбиешінің балаларды қараусыз қалдырғанын жоққа шығармайды. Бірақ бұл оқиға үшін тәрбиеші мен балабақша меңгерушісі тек қатаң сөгіс алған. Қос қызметкер де қазір жұмыс істеп жүр.

ӘСЕМ БАЛҒАБАЕВА, «БОЛАШАҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Ол рас болған нәрсе. Тәрбиешінің көмекшісі декреттік демалысқа кеткен кезде орнын алмастыратын адам тауып үлгермедік. Ол үшін біз кешірім сұраймыз. Медбикеміз жұмыстан шығып кетіп, тек 10 сәуір күні ғана қабылдадық. Сол себепті болмады.

Айзеренің анасы полицияға бірнеше мәрте арызданған. Алайда қылмыстық құрам жоқ деген себеппен іс екі рет қысқартылыпты. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Осы уақыт ішінде қызының еміне бар күшін салып жүрген отбасы қомақты шығынға батқан. Бала күтіміне байланысты әкесі де жұмысын тастауға мәжбүр болған.

АЛТЫНАЙ БЕКЕМ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жолдасым да қазір жұмыссыз, бала күтімі бойынша үйде отыр. Айзеренің жағдайы бойынша бір емес бірнеше рет ауруханаға жатуымыз мүмкін. Өйткені кез келген уақытта ұстамасы ұстап қалады. Денсаулығы қатты нашарлауы мүмкін.

Айталық, «Болашақ» балабақшасы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда жүзге жуық бүлдіршін келіп жүр. Айзеренің анасы кінәлілер заң алдында жауап беруі керек деп есептейді. Ал бұл істің сотқа жетіп-жетпейтіні тергеу нәтижесінен кейін ғана белгілі болады.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал