Не жұмыс, не ақша жоқ: шетелде жұмыс істегісі келген қазақстандықтар алданып қалды

Германияда жұмыс істеуді армандаған ондаған отандасымыз сан соғып қалды. Олар шетелге жұмысқа орналастыратын бағдарламаға ақша төлегенімен, уәде етілген жұмыс орындарына жете алмады. Оның орнына сапардың тоқтатылғаны туралы хабар алған. Жәбірленушілердің айтуынша, бүгінде қаржысынан айырылған жүзден астам адам бар. Олар бірігіп, сотқа ұжымдық талап-арыз берген.
Нұрай Рахманбек биылғы жазды Германияда өткізуді армандаған. Ол жаңа ел көріп, жұмыс істеп, табыс табуды және шетелде еңбек етіп тәжірибе жинауды мақсат еткен. Сол үшін жұмысқа орналастыру бағдарламасына қатысуға келісімшарт жасап, 600 мың теңге төлепті. Бірақ не жұмыс, не ақша жоқ.

НҰРАЙ РАХМАНБЕК, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Мен 400 мың теңгені бөліп төледім, қалған 400 мың теңгені қолма-қол ақшамен беруім керек еді. Бірақ сәуір айынан бері ешқанадй шақырту, сұхбаттасу болмағандықтан, тек 200 мың теңгесін төледім, ары қарай күтуге мәжбүр болдым. Олар маусымның ортасына дейін шақырту келеді деп күттірді, оған қоса шенген визаға жазылдық, бірақ бәріміз шығынға баттық.

Мұндай жағдайға тап болғандар жүзден асады. Олардың дені – студенттер. Бағдарлама құны 500 мыңнан 750 мың теңгеге дейін жеткен. Германияға бару үшін кейбірі тіпті несие алған.

МҰХАМЕДЖАН СҰЛТАН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Келісімшартта 31 мамырға дейін шақырту келеді деп жазылған, бірақ келмеді. 31 мамырға дейін келмеген жағдайда ақшаны 100% қайтарып береміз деген болатын. Ақшамызды толық қайтарып, осымен компания жұмысын тоқтатса екен. Өйткені қазірдің өзінде келесі жылға тағы адам жинап жатыр.

Шетелге жұмысқа орналастыруға уәде берген компания мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Атқарушы директордың айтуынша, бос жұмыс орындарын ұсынуы тиіс болған шетелдік серіктес өз міндеттемесін орындамаған. Кейбірі Германияға ұшып үлгергенімен, көпшілігі жұмысқа шақырту ала алмаған. Енді компания төленген қаражатты қайтаруға уәде беріп отыр.

МИРАС ОРАЗҒАЛИЕВ, ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Келісімшарт бойынша біз өз міндеттемелерімізден, оның ішінде қаражатты қайтарудан бас тартпаймыз. Ақшаны қайтаруға дайынбыз. Бірақ қазір басты мәселе – қаржыландыру. Себебі әрбір клиент үшін шетелдік серіктеске қызмет ақысы толық көлемде аударылған. Сонымен қатар клиенттерге қаражатты қайтару процесін реттеу үшін медиаторды тарттық. Қазір тараптармен медиативтік келісім жасалып жатыр. Бұл процесс шамамен 3 айдан 12 айға дейін созылуы мүмкін.

Алайда қалтасындағы қаржыдан қағылғандар мұнымен келіспейді. Олар әлі күнге дейін несие төлеп жүргенін және ақшаларын қайтаруды тағы бірнеше ай күткісі келмейтінін жеткізді. Қазір бұл іс бойынша сотқа ұжымдық талап-арыз жолданған. Дегенмен зардап шеккендер күн санап көбейіп жатыр. Ал оқиғаның әрі қарай өрбуі сот процесі мен полиция тексеруінің нәтижесіне байланысты болмақ.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал