СҚО-да 70 жастағы қария каратэден қара белбеу иегері атанды

Дәрі емес, каратэ. Солтүстікқазақстандық зейнеткерлер денсаулықты нығайтудың жаңа жолын тапты. Күндіз-түні шыныққан қариялар 70 жаста қара белбеу иегері атанды.
Шыныққан шымыр болады. Қара терге түсіп жаттығу жасап жатқан азамат – Борис Самусев. Залға алғаш келгенде оның салмағы 100 келідей болған. 70 жастан асқан шағында ол қара белбеу иегері атанды.

БОРИС САМУСЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

— Зейнетке шыққаннан кейін денсаулығым нашарлай бастады. Еңкейіп, аяқ киімімнің бауын байлай алмай қалдым. Буындарым сырқырап, аяғым ұйып қалатын болды. Ал қазір жағдайым жақсарды. Алға, артқа, бірнеше рет аунай аламын. Уақыт өте келе қимылым ширай түсті. Ең бастысы, жаттығуды тоқтатпау керек.

71 жастағы Айдарбек Бегеновтың да күш-қуаты бойында. Шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын меңгеріп жүргеніне 4 жыл болған. Кез келген тапсырманы жастардан кем орындамайды.

АЙДАРБЕК БЕГЕНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Шынымды айтсам, оңай емес. Себебі жасың ұлғайған сайын өне-бойың, буындарың демалғысы келеді. Соны үйрету керек. Каратэмен өмір бойы айналысу керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, оның әдістемесі таусылмайтын нәрсе.

Киокушинкай каратэ үйірмесіне зейнет жасындағы 10 адам тұрақты түрде қатысады. Олардың барлығы денсаулығын дәрімен емес, спорттың арқасына жақсартуда.

ЛЮДМИЛА БУТЕНКО, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Біздің топ «Алтын жас» деп аталады. Негізінен, 60 жастан асқан адамдар жаттығады. Қазіргі таңда үлкеніміз 78-де. Ол екінші белбеуін сәтті қорғап шықты. Жаттығуға тұрақты қатысқан жандар ауру дегенді ұмытты.

Спортты жанына серік еткен қариялар түрлі деңгейдегі жарыстарға да қатысып, бақтарын сынайды. Осылайша, олар кейінгі толқын жастарға үлгі көрсетуде.

———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал