Қырғызстаннан 2 тоннадан астам бұзылған өрік пен шие жеткізілген

Елімізге Қырғызстаннан 2 тоннадан астам бұзылған өрік пен шие өткізудің жолы кесілді. Санитарлық талапқа сай келмейтін өнімді «Қордай» шекара бекетіндегі фитосанитария қызметінің мамандары анықтаған. Тексеру барысында 800 келі қара өріктен комсток құрты, 1,4 тонна шиеден азиялық жеміс шыбыны табылған. Карантиндік зиянкес анықталған өнімдер Қырғызстанға кері қайтарылды. Заң бұзған тасымалдаушыларға 5,5 миллион теңге айыппұл салынды. Өткен жылы да өткізу бекеттерінде 153 заңбұзушылық анықталып, 2 мың тонна жүк артқан көлік шекарадан кері жөнелтілген. Ал талапты бұзғандар 12 миллион теңгеден астам айып төлеуге мәжбүр болған. Алайда оңай олжа тапқысы келетіндер саны азаймай тұр. Биыл да жыл басталғалы фитосанитариялық талапқа сай келмейтін өнім тасымалдаудың 45 жағдайы анықталған. Айта кетейік, Жамбыл облысында көрші елмен шекарада 6 бекет орналасқан.

НҰРБИ ЖІГІТЕКОВ, АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ:
— Бақылау бекетінде инспектордың міндеті – бірінші документтерді тексеру. Содан кейін келген жүктерді тексереді. Жүкті инспектор қаупі бар жағдайда өзіміздің зертханамызға үлгілер алынып тапсырылады. Анықталған кезде кері қайтарылады.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал