Балқашқа жаз басталысымен жан-жақтан туристер ағылуда. Бұған биыл атақты көл жағалауында жаңа туристік аймақтардың ашылуы да себеп. Демалыс орындарының инфрақұрылымы жаңартылып, қажет инженерлік-коммуникациялық желілер тартылды. Осы маусымда Балқаш жағалауы рекордтық деңгейде демалушы қабылдайды деген болжам бар. Демалыс маусымында өңірде қандай жаңалықтар болады?
Балқаш көлінің жағалауындағы жаңадан салынып жатқан «Арбат» жағажайының құрылысы шілде айында толық аяқталады деп жоспарланған. Жағажай бір мезетте 3 мыңға дейін туристі қабылдай алады. Осыдан аз ғана уақыт бұрын бұл аумақ қаңыраған жағалау болатын. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда автотұрақ, фудкорт, демалыс аймақтары және туристерге қажет барлық инфрақұрылым салынып жатыр. Ресми ашылуы әлі өтпесе де, жағажайға келушілер оның қолайлылығы мен мүмкіндіктерін қазірдің өзінде жоғары бағалап жатыр.
Отандық және шетелдік туристер өңірдегі өзгерістерге оң бағасын берді. Ал өңір басшылығы курорттық аймақтың әлеуетін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта Балқашта туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асады.
МАРЛЕН КӨЛБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Балдаурен» саяжайының құрылысын шілде айында ортасында бастаймыз. Күзде үшінші жағажайдың құрылысы басталады. Ол «Этно» деп аталады. Аумағы – 7 гектар, ол жерде әр ұлттың дәстүрі көрсетіледі. Әр ұлт өкілінің мәдениетіне қарай жағажайлар орналасады.
Алайда жайлы демалыс тек жаңа жағажайлармен шектелмейді. Ең бастысы – тазалық пен қауіпсіздік. Осы мақсатта жағалау бойына қоқысқа арналған контейнерлер, заманауи модульдік дәретханалар және суға түсу аймағын белгілейтін қалқымалар орнатылған. Демалушылардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Жағалау маңында күн сайын құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады. Қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге медицина мамандары да дайын. Сонымен қатар курорттың қолжетімділігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Туристердің қатынауын жеңілдету үшін жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүріп жатыр.
АҚТӨРЕ ҚИЯС, ЛЕПСІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Ғимараттың толық көлемі – 600 шаршы метр. 800 метр перроны бар. Заманға сай вокзалдың бірі болады деп отырмыз. Аяқталу уақыты – 2026 жылдың желтоқсан айы. Бір мезетте 400-500 адамға дейін қабылдай алады.
Осы маусымда Балқашқа шамамен 150 мың турист келеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың жазғы маусымымен салыстырғанда 30 мыңға көп. Мамандардың айтуынша, биыл еліміздегі басты туристік бағыттардың бірі қонақтарды бұрынғы жылдарға қарағанда әлдеқайда сапалы қарсы алуға дайын.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.