Елімізден жанармайды заңсыз әкету әрекеттері тыйылмай тұр

Елімізден жанармайды заңсыз әкету әрекеттері тыйылмай тұр. Ішкі істер министрі Ерлан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін заңсыз алып өтпек болған 600-ге жуық дерек анықталған. Тәркіленген жанармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асады. Сондай-ақ бензин тасымалдаған 18 арнайы көлік тексерілген. Соның бірінен 34 тонна мұнай өніміне сараптама жасау үшін сынамалар алынған. Қазір Мемлекеттік кірістер органдары 62 жанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытында тексеру жүргізуге кіріскен. Бұл мәселе Үкімет отырысында да қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің елден заңсыз шығарылуына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жөніндегі есепті тыңдап, ішкі нарықты жанармаймен тұрақты қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдарға жағдайды күн сайын бақылауда ұстауды тапсырды.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал