Павлодарда мүгедектігі бар жандарға арналған жұмыс орындары көбейіп келеді

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмысқа орналасу оңайға соқпайды. Білімі, еңбек етуге деген ынтасы болғанымен, жұмыс берушілердің оларға қырын қарайтыны жасырын емес. Ал Павлодар облысында бұл мәселе арнайы жұмыс орындары мен әлеуметтік кәсіпорындар арқылы шешіліп келеді.
Павлодар облысында бірнеше жылдан бері «Арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында мұндай жұмыс орындарын ашуға және жалақы төлеуге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Осындай қолдаудың арқасында Владимир Бойко да жұмысқа орналасты. Ол ауылдан қалаға көшкеннен кейін бірнеше жыл бойы жұмыс таба алмаған. Көру қабілетінен толық айырылғанына қарамастан, бүгінде ол Қазақ зағиптар қоғамының «ЕРТІС» оқу-өндірістік кәсіпорнында еңбек етеді.

ВЛАДИМИР БОЙКО, КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫСЫ:
— Мен бұрын тігін машинасында отырып көрген емеспін, тігуді де білмейтінмін. Осында бәрін үйретті. Шынын айтсам, бізде жұмыс таңдау мүмкіндігі өте аз. Көп жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алғысы келмейді. Менің арнайы білімім жоқ, бірақ жоғары білімі бар адамдардың өзі көру қабілетінен толық айырылғанын айтса, көп жерде бірден бас тартады. Негізінде олардың білімі де, қабілеті де жеткілікті.

«Ертіс» оқу-өндірістік кәсіпорны – өңірде ашық еңбек нарығында жұмыс табуы қиын азаматтарға қолдау көрсететін санаулы мекемелердің бірі. Мұнда көру қабілеті төмен адамдар мамандық меңгеріп, еңбек етеді әрі қоғамға бейімделеді. Қазір мұнда 42 адам еңбек етеді.

АЛМА ҚҰСАИНОВА, «ЕРТІС» ОҚУ-ӨНДІРІСТІК КӘСІПОРНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мемлекет тарапынан тапсырыс түрінде қолдау болса дейміз. Мысалы, төсек-орын жабдықтары мен матрастарды біздің ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер өте сапалы тігеді. Балабақшалар мен ауруханаларға арналған тапсырыстар берілсе, бұл біз үшін үлкен көмек болар еді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Өйткені барлық ұйым арнайы еңбек жағдайын жасауға дайын емес. Бүгінде өңірде жұмыссыз ретінде тіркелген мүмкіндігі шектеулі 300 азамат бар.

ӘНУАР ШАЙМЕРДЕНОВ, ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Иә, өкінішке қарай, бұл мәселе әлі де өзекті. Сонымен қатар кейбір жұмыс берушілер арнайы жұмыс орындарына қажетті стандарттарға сай келетін жабдықтарды табуда қиындық көреді.

Бүгінде әлеуметтік кәсіпорындар ондаған мүмкіндігі шектеулі азаматқа мамандық меңгеріп, тұрақты табыс табуға ғана емес, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін үздіксіз тапсырыс пен мемлекет пен бизнестің қолдауы қажет. Себебі әрбір ашылған жұмыс орны адамның өз бетінше өмір сүріп, қоғамның белсенді мүшесі болуына жол ашады.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал