Жетісудың сайын даласы тағы бір маңызды ғылыми зерттеуге арқау болды. Бұл жолы өңірге Зоология институтының ғалымдары, National Geographic Qazaqstan және Visit Zhetysu мамандары барып, Қызыл кітапқа енген дала қыранының популяциясы мен мекендеу ортасын зерттеді. Экспедицияның ең маңызды кезеңдерінің бірі балапандарды сақиналау жұмыстары болды.
Балапандарға тағылған әр сақинада жеке нөмір бар. Соның көмегімен мамандар құстың кейін қай өңірге немесе қай мемлекетке қоныс аударғанын, қанша шақырымға ұшқанын және қай аумақта тұрақтайтынын анықтай алады. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың тіршілігін бірнеше жыл бойы бақылауға мүмкіндік береді.
БЕКЖАН БЕРДІҚҰЛОВ, ЗООЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒАЛЫМ-ОРНИТОЛОГЫ:
— Қазір біз дала қыранын сақиналадық. GPS трейкер қоямыз. Бірақ қазір құстың жасы сәйкес келмейді. Себебі әлі балапан. Көлемі үлкен болғанымен, шамамен 35 күндік балапан. Олар әдетте 60-65 күн болғанда ұша бастайды. GPS-ті сол ұшар алдында қоямыз.
Бұдан өзге мамандар дала қыранының белсенді және бұрын пайдаланылған ұяларын да зерттеді. Олардың мекендеу ортасына мониторинг жүргізді. Сондай-ақ құстың көбеюіне, таралуына және керісінше санының азаюына әсер ететін негізгі факторлар зерделенді. Бұл деректер сирек кездесетін жыртқышты қорғау шараларын ғылыми тұрғыда жоспарлауға мүмкіндік береді.
МАРҒҰЛАН МҰСАУБЕКОВ, «АЛТЫН-ЕМЕЛ» МҰТП ҒА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Дала қыранының ұясын бір ай бұрын анықтағанбыз. Соны бақылап жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дала қыраны Қызыл кітапқа енген. Оны зерттеу жұмыстары осы соңғы 5 жылда қарқын алып келеді.
Зерттеу барысында жиналған ғылыми материалдар дала қыранын қорғау бағытындағы алдағы жұмыстарға негіз болады. Сонымен қатар Жетісудың табиғи мұрасы мен биоалуантүрлілігі туралы бейнематериалдар әзірленіп, өңірдің экологиялық және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға пайдаланылады.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.