Астанада ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа нүкте қойылды. Алаяқтар 96 көлікті заңсыз жолмен иемденген. Оның сыртында іс жүзінде жоқ 47 көлікке несие рәсімдеген. Осылайша екі млрд-қа жуық теңгедей шығын келтірген. Сот қитұрқылық жолмен ақша тауып келген қылмыстық топтың 13 мүшесіне үкім кесті. Топ серкесі Түркістан облысының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған банктен екі адам көмектесіп отырған. Тағы үш адам – «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің өкілі. Оның сыртында көлікті таситын, алып-сататындар бар. Олар қарапайым азаматтарды екі жолмен алдап келген. Алғашқысы – адам сеніміне кіру. Яғни, оларға көлікті несиеге сатып алу ұсынылған. Кейін оны жалға беруге болатыны айтылған. Осылайша сатып алынған көлікті өздері иемденіп отырған. Кейін оны дереу сатып, ақшаға айналдырған. Заңсыз пайда табудың екінші жолына халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары араласып отырған. Олар іс жүзінде жоқ көліктерге жалған құжат жасап келген. Көп асқанға бір тосқан. Ақыры топ серкесі 10 жылға, оның серіктестері 6 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал халыққа қызмет көрсету ортылығының өкілдері үш жылға сотталды.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.