Ақтөбеде қара қоңыздар қаптап кетті. Олар көшелерде ғана емес, үйлерге де кіріп жатыр. Қала тұрғындары дабыл қағып, жергілікті әкімдіктен көмек сұрауда. Бұған не себеп? Олар адамға қауіпті ме?
Ақтөбе тұрғындары түнде ұйқыдан, күндіз демалудан айырылды. Себебі қара жәндіктер мазасын алды. Әсіресе кешкі уақытта олар көбейіп, пәтерлер мен үйлерге кіріп, барлық жерде өріп жүреді. Әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар дабыл қағуда. Олар балаларға зияны тиеді ме деп қауіптеніп, түнде көз іле алмай жүргендерін айтады.
АНАРГҮЛ ҚОЖАХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Өте көп адамнан шағым түсіп жатыр. Бұл қара қоңыздар үйдің ішінде подъездің ішінде, кіреберісте қаптап жүреді. Кешке таман көбейеді.
Ұйқысы бұзылған тұрғын Нұргүл Жиенбаева да бұл мәселе күнделікті өмірге кедергі келтіріп отырғанын айтады. Айтуынша, терезелерде қорғаныс торы болғанымен, қоңыздар үйге кіріп кетеді. Сондықтан түнде ұйқы қанбай, күнделікті тіршілікке де әсер етіп жатыр.
Ал жергілікті билік қоңыздардың көбеюіне жауын-шашынның көп болуы мен топырақтағы ылғалдың артуы себеп болғанын айтады. Мамандардың сөзінше, бұл кезде жәндіктер қоныс ауыстырады. Қоңыздар көптеп қаптағанымен, адамға зиян келтірмейді.
МИРАС ӘЖІБАЕВ, АСТАНА АУДАНЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл – уақытша мәселе. Екі аптаның арасында қоңыздар жоқ болып кетеді. Дегенімен бізде масаларды улайтын мердігер мекеме бар.
Шенеуніктер тұрғындардан тағы екі аптадай сабыр сақтауды сұрайды. Олардың айтуынша, осы уақыт ішінде қоңыздардың көші-қоны аяқталып, жағдай қалыпқа келеді. Биыл Ақтөбедегі Астана ауданында жәндіктерге, оның ішінде масаларға қарсы өңдеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге бөлінген. Қазір осы қаражат есебінен қоңыздарға қарсы өңдеу жүргізіліп жатыр. Алайда әзірге олардың саны азайған жоқ.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.