Астанада «Әділет» партиясы кезектен тыс III съезін өткізді. Шара аясында саяси ұйымның алдағы бағыт-бағдары бажайланып, мақсат-міндеті айқындалды. Алқалы жиынға елдің түкпір-түкпірінен мыңнан астам делегат жиналды. Олар партияның алдағы жұмыс бағытын айқындайтын негізгі құжаттарды егжей-тегжейлі қарап, бекітті. Айталық, партия жарғысына енгізілетін өзгерістер және жарна мөлшері мақұлданды. Саяси ұйым атынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізімі мен сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Съезд барысында партияның алдағы саяси бағыты, сайлауалды науқанның басымдықтары мен негізгі бастамалары талқыға түсті. Съезге жиналған қауым бағдарламалық құжаттарға қатысты ой-пікір алмасып, ұйымның қоғамдағы рөлін күшейтуге арналған нақты ұсыныстарын ортаға салды.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бүгінгі съезд қатардағы ұйымдастырушылық жиыны емес. Бұл – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі Қазақстанның жаңа саяси дәуіріндегі алғашқы ірі аса маңызды саяси оқиғалардың бірі. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан жаңа конституциялық дәуірге қадам басты. Бұл Конституция мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа тәуелсіз Қазақстан дамуының өзгеше дәуірін айқындаған тарихи таңдауға айналды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді үйлесімді негізде нақты орнықтырып, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне және жауапты мемлекеттік басқаруға сүйенетін тың саяси жүйенің негізін қалады.
ОРЫНБЕК МОЛДАХАН, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Бүгінгі съездің мақсаты – «Әділет» партиясының атынан сайлауға түсетін кандидаттардың тізімін бекіту. Одан бөлек, партияның жарғысына енгізілген өзгерістерге байланысты жаңа жарғыны қабылдау.
Жиын барысында Жарғының 40 ережесіне өзгеріс енгізілді. Жаңа редакциясын таныстырған партия Саяси кеңесінің мүшелері – Бекжан Әлімқұлов пен Гүлзира Атабаева бұл құжат Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының ережелері мен қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып әзірленгенін атап өтті.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.