Шымкентте бірнеше күннен бері аптап ыстық басылар емес. Күндіз ауа температурасы 38-40 градустан түспей тұр. Мұндай ыстықта көшеде ұзақ жүру оңай емес. Сондықтан қала тұрғындары салқындаудың түрлі жолын іздейді. Бірі саялы жерлерді паналаса, енді бірі су жағасына барады. Ал қала көшелерінде арнайы техникалар су бүркіп жүр.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— 40 градустық аптапта қала көшелеріне су сеуіп жүрген арнайы техникаларды жиі көруге болады. Бұл – осындай ыстық күндері жайлы орта қалыптастырудың тиімді тәсілі. Әдетте қала көшелерін тазартумен айналысатын бұл техникалардың қызметі қатты ыстық ауа райында өзгереді. Арнайы көліктер жоғарыға су бүрку арқылы ауа температурасын төмендету үшін кеш түскенше көшелерді аралайды.
Ауаға бүркілген су тамшылары буланып, қоршаған ортадағы жылуды өзіне сіңіреді. Нәтижесінде, күн аз да болса салқындап, қаладағы микроклимат жақсарады. «Сондай-ақ жол жабынының шамадан тыс қызуын төмендетіп, тазалықты қамтамасыз етеді», — дейді мамандар.
КАРАМАТ РАЙЫМҚҰЛОВА, «ҚАРАТАУ» КММ УЧАСКЕЛІК МАМАНЫ:
— Біз таңғы сағат 8-ден бастап жұмыс істейміз. Түнгі кезекшілікке де адам қоямыз. Қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жатырмыз. Аптап ыстықта көбірек жұмыс істейміз. Ыстық болғаннан кейін су шашу жұмыстарын көбірек атқарамыз, одан басқа шаң-тозаң болмасын деп аялдамаларға көбірек мән береміз, қайта-қайта жуамыз. Гүлдерге, ағаштарға су шашу жұмыстары атқарылады.
Бұл ғана емес, күн астындағы аялдамаларды кестеден тыс уақытта да жуып-тазалап отырады. Бұл – тұрғындарды сергітудің әрі қаланы таза ұстаудың бір тәсілі.
Шымкенттіктер күннің ыстығынан қорғанудың түрлі жолын тапқан. Көпшілік саялы көшелермен жүруге және арық жағасын паналауға тырысады. Бұл — ыстықты жеңілдетіп, салқындаудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Десе де күн 40 градусқа дейін шыжығанда көпшілік үйден шықпауға тырысады.
Аптап ыстықта салқындап, сергу үшін Қошқар ата өзеніне ағылған адам көп. Әсіресе түскі уақытта мұнда ине шаншар жер болмайды. Кейбірі өзен жағасында демалып, күнге қыздырынады.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.