Қытайдағы фабрикада болған өрттен 30-ға жуық адам қаза тапты

Әлемнің әр түкпіріндегі соңғы оқиғаларға шолу. Қытайда аяқ киім фабрикасында болған ірі өрттен ондаған адам қаза тапты. Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен кейін құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Филиппинде Канлаон жанартауы атқылап, билік халықты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Қытайдың Фуцзянь провинциясындағы Цзиньцзян қаласында орналасқан бес қабатты аяқ киім фабрикасында ірі өрт шықты. Тілсіз жау бірінші қабаттағы қойма мен өндіріс цехынан басталған. Оқиға кезінде ғимарат ішінде 239 адам болған, олардың 213-і құтқарылды, ал 28 жұмысшы қаза тапты. Оқиға ізімен фабрика иесі мен компанияның бірқатар басшысы ұсталып, кәсіпорынның банк шоттары дереу бұғатталды.
Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 3 899 адамға жетті. Тағы 16 740 адам жарақат алған. Табиғи апаттан зардап шеккен 86 мыңнан астам отбасыға гуманитарлық көмек жеткізіліп, 16 892 отбасы уақытша лагерлерге орналастырылды. Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде медициналық көмек, ауызсу және уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті. Апат салдарын жою үшін қажет 24 миллион доллардың әзірге 9 миллионы ғана жиналған. Еске салайық, 24 маусымда Венесуэлада магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын ірі жер сілкінісі болды.

Филиппинде Канлаон жанартауы атқылап, оның күлі 3 шақырым биіктікке дейін көтерілді. Атқылау шамамен 3 минутқа созылып, Күл Себу аралына дейін тараған. Жанартаудан көтерілген күл мен сол сәтте жауған жаңбыр салдарынан айнала көзге түрткісіз түнекке айналды. Билік табиғи құбылыс тағы қайталануы мүмкін екенін ескертіп, қауіпті аймаққа жақындауға тыйым салды. Халыққа маска таратылып жатыр.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал