Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады. Президентке егістік алқаптарын әртараптандыру, шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы техникасы лизингін дамыту жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыру көзделген. Биылғы жылдың алты айында азық-түлік өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, оның ішінде егін шаруашылығы 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өсті.
Биыл қаңтар-сәуір айларында агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 3 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 36 пайызға артық. Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 млрд долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Президент ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өндірісті дамыту, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.