Астаналық тұрғындар мүлік иелері бірлестігінің төрағасын ауыстыра алмай әлек

Төрағаны ауыстыру оңай. Бірақ оны қызметінен кетіру қиын. Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары жаңа мүлік иелері бірлестігі төрағасын сайлағанымен, бұрынғы басшы орнынан кетпей отыр. Тараптардың әрқайсысы өз уәжін алға тартады. Бірі: «Заңды түрде сайландық», — десе, екіншісі: «Қажет құжаттар ұсынылған жоқ», — дейді. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Елордадағы элиталы тұрғын үй кешенінде дау шықты. Мұндағы жұрт мүлік иелері бірлестігінің төрағасын ауыстыра алмай әлек. Бұл кадрларды тұрғындардың өздері түсірген. Ұрыс-керіс бұл үйде үйреншікті жағдай. Тұрғын Оксана Самокейштің айтуынша, үйдің күтімі жылдан-жылға нашарлап барады. Сырттай сәні келіскен тұрғын үй кешенінің ауласы азып тұр. Балалар ойнайтын алаңның жағдайы көңіл көншітпейді. Меншік иелері жақында жаңа төраға етіп Оксананы сайлаған. Алайда алты жыл басқарған бұрынғы төрағаның орнынан кеткісі жоқ.

ОКСАНА САМОКЕЙШ, ТҰРҒЫН:
— Біз жаңа төрағаны сайладық. Бірақ бұрынғы төраға кеткісі келмейді. Заң бойынша ол үйді 10 күн ішінде тапсыруы керек еді. Енді біз сотқа жүгінуге мәжбүрміз.

Қазіргі төраға өз әрекетін заңды деп есептейді. Оның айтуынша, жаңа басқарма заң талаптарына сай құжаттарды ұсынбаған. «Сондықтан ештеңені тапсыруға негіз жоқ», — дейді.

НҰРЛАН ИМАШЕВ, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Қалай береміз? Олар ешқандай құжат көрсеткен жоқ. «Тек электронды цифрлық қолтаңбаны бер», — деп отыр. Бірақ бәрі заңнамаға сәйкес болуы керек. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Барлық дау сот тәртібімен шешіледі.

Қызметті жаңа төрағаға өткізу неге сонша қиын? Себебі биылғы наурыздан бастап Әділет министрлігі мүлік иелері бірлестігі төрағасын ауыстыру тәртібін өзгерткен. Бұрын жиналыс төрағасы өз электронды цифрлық қолтаңбасымен 5 минутта жаңа төрағаны тіркеу рәсімін бастай алатын. Қазір бұл құқық тек қызметтегі төрағаның өзінде ғана бар. Яғни, ол өз еркімен орнын босатпаса, тұрғындар жаңа төрағаны бірден тіркей алмайды. Сарапшылардың айтуынша, сондықтан жұмысын дұрыс атқармайтын, тіпті заң бұзды деген күдікке ілінген төрағаның өзін қызметінен кетіру өте қиын болып кеткен.

СЕРГЕЙ ЛЯШЕНКО, САРАПШЫ:
— Тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша, қызметінен кеткен төраға барлық құжатты, банк есепшоттарын және жұмысқа қатысты дүниенің бәрін 10 күннің ішінде жаңадан сайланған басшыға өткізуге міндетті. Әйтпесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы бойынша айыппұл қарастырылған. Бірақ іс жүзінде бұл талап әрдайым орындала бермейді.

Бұл тек бір тұрғын үйдің мәселесі емес. Қоғам белсенділері мұндай даулар Қазақстанның әр өңірінде кездесетінін айтады. Себебі заңда төрағаны қайта сайлау тәртібі болғанымен, бұрынғы басшыны үйді дереу тапсыруға мәжбүрлейтін тиімді механизм жоқ.

Даудың нүктесін енді сот қоюы тиіс. Бұл іс көпқабатты үйді басқарудағы заң талаптарының іс жүзінде қалай орындалатынын көрсетеді.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал