Оларға жылулық әрдайым керек… Кейде мерзімінен бұрын дүниеге ерте келген шақалақтың өміріне ең қымбат медициналық құрылғы емес, адамның мейірімі демеу болады. Осы мақсатта елімізде «28 ілмек» еріктілер қозғалысы жұмыс істеп келеді. Оның мүшелері шала туған нәрестелерге арнап табиғи жүннен шұлық, бас киім, күртеше мен шағын көрпеше тоқып жүр. Бұл бұйымдардың сәби денсаулығына пайдасы қандай?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бұл жай ғана жіптен тоқылған бұйым емес. Әр ілмегіне мейірім мен үміт өріледі. Табиғи жүннен тоқылған бұл бұйымдар нәрестелерге тыныштық пен жылулық сыйлап қана қоймай, дене жылуын беру арқылы өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
Еріктілердің қолынан шыққан әрбір бұйым перинаталдық орталықтар мен неонатология бөлімшелеріне тегін жеткізіледі. «28 ілмек» Астана – Есіл клубының мақсаты да сол – шала туған сәбилерге қолдау көрсету. Құрамында қазір 20 ерікті бар. Олар көздің жауын алатын ерекше үлгіде жиынтық тоқып, дәрігерлердің қолына табыстайды. Бұл – шұлық, бас киім, күртеше, шағын көрпеше және ойыншықтар. «Табиғи жүннен тоқылған киім нәрестеге жеңіл массаж әсерін беріп, қан айналымын жақсартуға ықпал етеді», — дейді мамандар.
«Қарапайым көрінетін бұл тоқыма бұйымдар бүгінде шақалақтың өмірі үшін маңызды қолдау», — дейді еріктілер. Асылгүл Кәрімқызы үшін тоқу бала күнгі сүйікті ісі болатын. Бүгінде сол әуестігі жүздеген сәбиге үміт сыйлайтын қайырымдылыққа айналған.
АСЫЛГҮЛ КӘРІМҚЫЗЫ, ВОЛОНТЕР:
— Кішкентай періште сәбилерге көмек болсын деп, шын ниеттіммен волонтер болдым. Міне, 4 жыл болды. Аналар жыламасын, балдары ауырмасын! Қандай балаларға тоқып жатқаныңды білу үшін, сезіну үшін апарып көрсетеді. Оларды көргенде жүрегің ауырады, аналары жылап тұрады. Менің бір пайдам тисін, балаларға көмек болсын деген мақсатпен тоқимыз.
Бүгінде кішкентай ғана бастама үлкен мейірім қозғалысына айналды. Қарапайым тоқыма өнері әртүрлі мамандық иелері мен жанашыр жандарды бір мақсатқа біріктіріп отыр. Айталық, еліміздегі ең ірі волонтерлік жобалардың бірі саналатын «28 ілмек» клубы осыдан 14 жыл бұрын құрылды. Жобаның бастамашысы – журналист Карла Нұр. Оның үндеуіне елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған жанашыр азамат қолдау білдірді. Салмағы небәрі 500 грамнан асатын шала туған сәбилерге арнайы жылы киім тоқитын еріктілер клубы 13 мемлекетте құрылды. Бүгінде қажет жүн мен мақта жіптер еріктілердің өз қаражатына сатып алынады. Алайда оның бағасы күн сайын қымбаттап келеді. Сондықтан жобаға демеушілік көрсетіп, игі іске үлес қосуды қалайтын азаматтарға клуб әрдайым ашық.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.