BaiQymyz 2026: Қазақстандағы ең дәмді қымыз анықталды

Ең дәмді қымыз қайда? Ақмола облысы Бурабай ауданы Қымызынай ауылында. Дәл осы ауылдың тұрғыны Әлия Қабдулина BaiQymyz гастрофестивалінің бас жүлдесін алып кетті. Оның қымызы сапасы мен дәмі бойынша ең үздік болып шықты.
Бұл жерде қымыздың түр-түрі бар. Бірі балдай тәтті, бірі тілді қытықтар қышқылтым. BaiQymyz фестиваліне Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресейден келген 60-қа жуық өндіруші өз өнімін алып келген. Биылғы байқауға 56 тонна қымыз ұсынылып, жаңа рекорд тіркелді.
Жаңаарқаның жұпар қымызы, Қарқаралының қоңыр қымызы, Бурабайдың бабымен дайындалған сусыны – әрқайсының дәмі бөлек, тарихы бөлек. Қымыздың сапасы да әр өңірдің табиғатына, жылқының күтіміне және оны баптау тәсіліне байланысты.

ҚҰРАЛАЙ ӨТЕГЕНҚЫЗЫ, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:
— Ақтөбеде киікоты деген керемет шөп бар. Соған сусындап, жайылған жылқының еті, сүті, қымызы өте шипалы. Қазақ пен жылқы – егіз ұғым.

ӘСЕЛ ОРШЫБЕКОВА, «АСТАНА ӨНІМІ» ӨКІЛІ:
— Гастрофестивальге 2500 литр қымыз алып келдік. Біздің қымызымыз Ақмола облысы Бурабай ауданы Қымызынай ауылында өндіріледі. Біздің қымыздың басты ерекшелігі – сол өңірде өсетін тобылғы мен қайыңға ысталады.

Ресейдің Омбы өңірінен келген Жалғас Құлболдин қымыз ашытуды әкесінен үйренген. Бүгінде атакәсіпті табыс көзіне айналдырып отыр. Фестивальге 300 литр қымыз бен бие сүтінен жасалған құрт алып келген фермер қазақтың қонақжайлығына ерекше риза.

ЖАЛҒАС ҚҰЛБОЛДИН, ҚЫМЫЗ ӨНДІРУШІ /ОМБЫ, РЕСЕЙ/:
— Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. BaiQymyz фестивалі өте жақсы өтіп жатыр. Қаншама адаммен таныстым. Қымыз істейтін мықты-мықты кісілер бар. Қымызға ештеңе қоспаймын. Негізігі лайфхак: біз жылқыны түнде сауамыз. Күндіз жылқылар демалады, түнде сауылады. Шөбін, жемін күнде шауып әкеліп беріп отырамыз.
«Бір тостаған қымыздың ішінде екі тостаған ауа бар» деген сөз бекер айтылмаған. Ертеректе киіз үйге келген әрбір қонақ сабадағы қымызды қырық рет пісіп барып төрге өткен. Өйткені сапырылған сайын сусынның дәмі ашылып, нәрі арта түседі.
«БАЛҚАДИША» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КИІЗ БАСУШЫСЫ:
— Біз Астана қаласының тұрғындарымыз. Бүгін BaiQymyz гастрофестиваліне қой жүнін сабаудың дәстүрлі жолын көрсетпекке арнайы келген шеберлерміз. Қымыздың да дәмін көрдік. Тіл үйірер қымыздың қаншама түрі бар.
Ұлттық сусынға мұхиттың арғы жағынан келген қонақтар да қызықты. Америкадан келген еріктілер алғаш рет қымыз ішіп көріп, оның дәмі ерекше екенін айтты.
Фестиваль тек дәм мерекесімен шектелмеді. Қонақтарға этнокөрме ұсынылып, алғаш рет жылқы тақырыбына арналған суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда тұлпардың тектілігі мен еркін рухын бейнелейтін 300 туынды қойылған.

АЛПЫСБАЙ ҚАЗЫҒҰЛОВ, ҚАЗАҚТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Мен жылқы тақырыбына бұрын жазбайтын едім, соңғы жылдары «Аталарымыз» картиналар сериясын бастадым. Аталарымыздың кең байтақ жерді жылқының үстінде жүріп, бізге мұра етіп алып қалдырғаны шабыттандырды.

Қазылар екі күн ішінде қымыздың 60 түрін бағалады. Әр өнім арнайы зертханалық тексерістен өтті. Дәмі, сапасы, табиғилығы мен емдік қасиеті сараланды.

ЖҰМАЖАН ҚАЛТАЕВ, BAIQYMYZ ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:
— Осыдан кейін келесі жылға дайындық басталып кетеді. Қай жерде қандай қымыз бен қымыз өндірушілер бар, кімді қолдауымыз керек, соны іздестіреміз. Нарықта маркетингті дамытып, қымыз ішетін халықты көбейткіміз келеді. Ең басты мақсатымыз – ұлттың денсаулығы, қымыз бен жылқыны қазақтың бренді етіп шығару.
Осылайша қымыз мерекесі қазақтың бай мәдениетін танытқан үлкен думанға айналды. BaiQymyz гастрофестивалінің Бас жүлдесі – Haval автокөлігін Ақмола облысы Бурабай ауданы Қымызынай ауылының қатысушысы Әлия Қабдулина жеңіп әкетті. Жаңаарқалық «Баянның бал қымызы» «Ем қымыз» аталса, халық таңдауына ие болған – Қарқаралыдан әкелінген «Теректінің текті қымызы».

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал