Нұрай Серікбайдың жақындары сот отырысын онлайн көрсетуді талап етті

Қаңтар айында кісі қолынан қаза болған Нұрай Серікбайдың ісі 6 айдан соң ақыры сотқа жолданды. Жәбірленуші тарап адвокатының айтуынша, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін түзіп, істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған. Дегенмен адвокат бұған дейін прокуратураға жолданған өтінішхат тек ішінара қанағаттандырылғанын айтты. Онымен қоса, қызды алып қашуға қатысқан күдіктінің туыстары жауапқа тартылмаған.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Бұл аса ауыр санаттағы іс болғандықтан, мамандандырылған сот қарайды. Іс күдіктіге қатысты үш баппен жолданды. Олар – аса қатігездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу бабы. Менің ой-пікірім бойынша келесі аптада ең алғашқы сот отырысы басталып қалуы тиіс.
Марқұмның туыстарының ендігі талабы – сот отырыстарының онлайн көрсетілімі. «Бұл – күдіктінің жазадан сытылып кетуіне мүмкіндік бермейтін бірден-бір құрал», — дейді Нұрай Серікбайдың жақындары. Олар күдікті өмір бойына сотталуын талап етіп отыр.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ – МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
-Күтетініміз – сот отырысының онлайн форматта өтуі. Біз өтінішхатты жіберіп қойдық, соттың жауабын күтіп отырмыз. Біздің талабымыз: сот отырысын барлығы онлайн форматта көрсін, барлығы информацияны толық біле алатындай болуы керек. Ашық түрде өтсін. Өлтіру фактісі кезінде қылмысты істегеннен кейін ол кісі қашып кеткен болатын, екі күннен кейін табылды, оның бәрін біз сотта қозғаймыз. Соттың іскерлігіне сенеміз. Өмір бақи бас бостандығынан айырылса екен деген талабымыз бар.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал