Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сүйіспеншілік пен бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін іс-шара барысында отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген жанұялар ерекше құрметке бөленді.
Қалиевтер отбасы – өзгеге үлгі болып, ұлттық дәстүрді сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген отбасының бірі. Бала тәрбиесіндегі өнегелі тәжірибесі мен отбасы дәстүрлерін сақтау мәдениеті көпке үлгі. Осы шарада Алматы ауданының үздігі танылып, 500 мың теңге сыйлық алды.
РЫМБАЙ ҚАЛИЕВ, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026» ҚАТЫСУШЫСЫ:
— 5 жыл бұрын қатысқанбыз. Екінші рет қатысып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Балалар көріп өссін, отбасымыз берік болсын дейміз.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бірегей республикалық жоба. Әуелі қала мен аудан жеңімпазы анықталады. Ал кейін бүкіл елдің үздіктері таңдалады.
СҰҢҚАР ХАНГЕЛДИНА, ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:
— «Мерейлі отбасы» байқауы 12 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Көздеген мақсаты – отбасылық институтты нығайту. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын кең көлемде өткізіледі.
12 жылда жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған отбасы қатысты. Тек өткен жылдың өзінде байқауға еліміз бойынша үш мыңнан астам отбасы өтінім берген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама шынайы құндылықтың бастауы отбасы екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Өйткені берік қоғамның іргесі дәл осындай өнегелі отбасыдан құралады.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.