Ақмола облысында республикалық маңызы бар Астана – Петропавл автожолында жантүршігерлік жол апаты болды. Талап ауылы маңында жеңіл көлік жол жиегіндегі қоршауға соғылып, бірден отқа оранған. Салдарынан үш адам, оның бірі – бала, оқиға орнында қаза тапты. Құтқарушылар тек жүргізушіні аман алып шыққан. Ол ауыр күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қайтыс болғандар оның жұбайы, 6 жасар баласы және туған әпкесі екен. Жол апаты елді мекеннен шалғайда болғандықтан, құтқарушылар 30 шақырым жерден жеткен. Олар келгенше, көлік толықтай жанып кеткен.
Айта кетейік, Ақмола облысында, жыл басынан бері 423 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 27 адам көз жұмды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындауға шақырады.
ДАНИЯР АМАНЖОЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПДБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бүгін сағат 13:00 шамасында Астана – Петропавл автожолының 148 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Ауыр жарақат алған жүргізуші ауруханаға жатқызылды. Жол қозғалысының барлық қатысушысын жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және рульде барынша мұқият болуға шақырамыз. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.