Ақтөбе облысының Бесқоспа ауылында тұрғындар жол құрылысының аяқсыз қалғанына наразы

Ақтөбе облысының Бесқоспа ауылында тұрғындар жол құрылысының аяқсыз қалғанына наразы. Ауыл жолы үш ай бұрын басталғанымен, аяқталмай тоқтап қалған. Соның салдарынан тұрғындар қиындық көріп отыр. Құм үйіндісі мен қиыршық тастардың кесірінен жаңбыр суы аулаларға жиналады. Өткір тастардан балалар жарақат алып, малдың тұяғы зақымдануда. Ауыл тұрғындары бұл мәселе бойынша бірнеше рет жергілікті әкімдікке жүгінген. Алайда жауаптылар әзірге жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталатынын айтып, уәде берумен ғана шектеліп отыр. Белгілі болғандай, мердігер компания трубаларын салып, қиыршық тас төсеген соң бюджеттен 155 миллион теңгені алып алған. Содан соң олар техникасын алып зым-зия жоғалыпты. Көшесі астан-кестен болған ауыл тұрғындары әкімдерге де шағымданыпты. «Мердігер кешікпей келеді», — деп жұртты жұбатқан.

ЖӘНІБЕК ЕРНАЗАРОВ, ТҰРҒЫН:
— Қалай тасты төседі, солай қалды. Суағардың бәрін көміп тастады. Ол балшыққа толып қалды. Енді одан су ақпайды. Айтамыз-айтамыз, ешқандай нәтиже жоқ.

ҚАНАТ ДӘУЛЕТАЛИН, БЕСҚОСПА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Мердігер «TaF Company» ЖШС конкурс арқылы арнайы жеңімпаз болып танылды. Жұмысын бастады. Жоба құны 155 миллион теңгені құрайды. Мердігер битумға тапсырысын берді. Битум қазір облыс бойынша тапшы. 10-15 күннің шамасында битум мәселесі шешілген соң, бұл жерге асфальт жабындысын жабады. Жалпы келісімшарттың мерзімі – жылдың аяғына дейін.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал