Солтүстік өңірлерде қуаңшылық байқалғанымен, биылғы аптап ыстық егінді күйретеді деген қауіп жоқ. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Үкіметтегі брифингте осылай деді. Оның айтуынша, оңтүстіктегі суармалы алқаптар су тапшылығын сезінбей отыр. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, шаруаларды бір қуантып қойды. Егінге қандай болжам жасалып отыр?
Елдің бірқатар өңірінде сынап бағаны 40 градустан асып, құрғақшылық қаупі күшейгенімен, үкіметтегілер: «Егінге айтарлықтай зиян келген жоқ», — деп отыр. «Оңтүстіктегі суармалы алқаптарда су тапшылығы жоқ», — дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі. Азат Сұлтановтың айтуынша, су шаруалармен жасалған келісімге сәйкес беріліп жатыр. Батыс аймағында жауған жаңбыр егінге оң әсер еткен. «Ал солтүстіктегі егіннің жайы қалай болатыны орақ науқаны қарсаңында белгілі болады», — деді вице-министр.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарында атмосфералық құрғақшылық бар. Бірақ Қостанай мен Солтүстік Қазақстанның жартысына жаңбыр жауады. Енді қауіп жоқ деп ойлауға болады. Егін жағдайы жаман емес.
Аптап ыстық басталғалы базар сөрелерін қарбыз бен қауын басты. Бірақ мамандар оны жеуге асықпауға кеңес береді. Вице-министрдің айтуынша, бақша өнімдерін тұтынудың ең қолайлы кезеңі – шілденің соңы мен қыркүйек аралығы. «Әсіресе балаларға ерте шыққан бақша өнімдерін бермеген дұрыс», — дейді маман. Ал шетелден әкелінетін жеміс-көкөністің барлығы, вице-министрдің айтуынша, міндетті түрде фитосанитариялық бақылаудан өтеді.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қарбыз бен қауынды тұтынудың ең қауіпсіз кезеңі – шілде айының соңы мен қыркүйек аралығы. Дәл осы уақытта бақша өнімдері тыңайтқыштар мен түрлі стимулятор қолданбай, табиғи жолмен піседі. Сондықтан әсіресе балалар қарбызды әзірге жемеген жөн.
Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары ет бағасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, сиыр етінің бағасы қазір тұрақты, келісі 3800 теңгеден сатылып жатыр. «Жақын уақытта еттің күрт қымбаттауына негіз жоқ», — деп есептейді маман.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.