Елімізде алма импорты уақытша тоқтатылмақ. Министрлік бұл қадамды отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында қабылдап отыр. Алайда тұтынушылар арасында баға өсіп кетпей ме деген алаң бар.
Алматы облысының шаруалары былтыр 60 мың тонна алма жинады. Өңірде 8 мың гектардан астам алма бағы бар, оның жартысы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Есік маңындағы шаруашылықтардың бірі 100 гектар бақтан жылына 4 мың тоннаға жуық өнім алады. Бағбандар алма импортына тыйым салу отандық өндірушілерге қолдау болады дейді.
НҰРЛАН РАҚЫМБАЙ, КӘСІПОРЫННЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Импортқа тыйым салынуы бізге көмегін тигізеді. Біріншіден, тек Қазақстанның алмасы сатылады. Екіншіден, ол баға жайлы.
Шаруашылықта 70-ке жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. 4200 тонна алма сақтауға арналған қойма да бар. Өнімді қыс бойы сақтап, көктемде тиімді бағамен саудалауға қолайлы. Алматы облысындағы қала мен аудан орталығында әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Ондағы баға базардағыдан әлдеқайда төмен. Дегенмен алма импортына тыйым салынса, баға көтеріліп кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары «алма импортына салынатын тыйым отандық өндірушілерді қолдауға және өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге оң ықпал етеді», — дейді.
САЯТ ҚАМЗИН, АШМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Былтырғы жылы 215 мың тонна отандық алма өндірілген. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті. Яғни, бұл шара отандық өнімді әділ бағамен өткізу мақсатында қабылданып отыр.
Елімізде 30 мың гектардай алма бағы бар. Түркістан, Алматы, Жетісу облысы көш бастап тұр. Соңғы кезде жеміс-жидек сақтауға арналған қойма да жиі салына бастады. Елімізде жалпы сыйымдылығы 175 мың тонна алма сақтауға арналған 70-тен аса қойма бар…
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.