Ақтөбе облысында дауылдан қираған нысандар бюджет есебінен жөнделеді

Ақтөбе облысы Қарауылкелді ауылында алапат дауылдан бүлінген әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік объектілері мен жеке тұрғын үйлер бюджет есебінен қалпына келтірілмек. Табиғаттың тосын мінезінен 300-ге тарта үй мен ғимаратқа зақым келген. Аудан орталығында биіктігі елу метрдей байланыс мұнарасы құлап қалды. Шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр. Қираған нысандар қашан жөнделеді?
9 шілдеде Қарауылкелді ауылын жайпаған дауылдың салдары әлі жойылған жоқ. Қатты желден 250-ден астам тұрғын үй бүлінген. Мектептер, балабақшалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудан әкімдігі мен бірнеше дүкеннің шатыры ұшып, терезесі сынған, қабырғасы құлаған. Табиғат апатынан кейін ауылда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қалпына келтіру жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізіледі.
АСХАТ ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Жеке үйлер, әлеуметтік нысандар, бизнестен сұрақтар болса, соның бәрін толық қалпына келтіреміз. Ең бастысы – үздіксіз қызмет ету, коммуналдық мәселелерді қолға алу және эвакопунктта жатқан отбасыларға жағдай жасау. Ешқандай мәселе болмайды. Жылыту маусымына дейін жұмыстарды толық аяқтау қажет.

Қалпына келтіруге нақты қанша қаржы қажет екені айтылған жоқ. Өйткені мамандар ғимараттарды техникалық жағынан тексеруді әлі аяқтамаған. Сараптама қорытындысы 27 шілдеде дайын болады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бюджет есебінен әлеуметтік нысандар мен дүкендер ғана емес, жеке тұрғын үйлер де жөнделеді. Ал мектептер мен балабақшаларды жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөнге келтіру жоспарланып отыр.

БҰЛБҰЛ КҮЗЕМБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Білім беру нысандарының ішінде мектептер, балабақшалар, төбесі ұшып, зақым келген жерлер бар. Бұл бойынша қазір техникалық тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Осы техникалық тексеру аяқталғаннан кейін білім беру нысандарының барлығы жөнделіп, 1 қыркүйекке дейін жаңа оқу жылына дайын болады.

Қазір Қарауылкелді ауылындағы мектеп-интернат базасында орналасқан эвакуациялық пунктте алты отбасы, 32 адам тұрып жатыр. Бұлар – дауылдан баспанасы бүлінген тұрғындар. Олардың балалары Ақтөбедегі жазғы лагерьлерге жіберілген. Ал қираған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қатысқан балалар Ақтөбеде жаттығады.

МЕЙРАМБЕК МАХАМБЕТОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Дене шынықтыру-сауықтыру кешені толық қалпына келтіріледі. Балалардың әрі қарай спортпен шұғылдануына нақты шаралар қабылданды. Байғанин ауданының орталығында тағы да спорт кешеніміз бар. Сол жаққа спортшыларымыз толықтай ауыстырылды. Алайда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бассейні зардап шегуіне байланысты жаттықтырушымен арнайы жоспар құрылып, жазғы каникул мерзімінде спортшылар Ақтөбе қаласындағы бассейндерінде жаттығады.

Айта кетейік, дауыл кезінде үш адам зардап шекті. Жүкті әйел әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Ал тағы бір әйел мен жасөспірімнің жағдайы жақсарып, үйлеріне жіберілген.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал