Жылдап кезекте тұрып, жуырда баспаналы болдық деп сүйіншілеген петропавлдықтардың қуанышы көпке созылмады. Сәуір айында ғана кілттерін қолына алған тұрғындар жаңадан тұрғызылған үйдің сапасына наразы. Себебі лифті 2 айдан бері тоқтап тұр. Салдарынан мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуы қиындаған.
Сергей Мыльников – бірінші топтағы мүгедек. Екі бүйрегі және қос жанарынан айырылған азамат бесінші қабатқа 20 минут көтірілетінін айтады. Себебі лифтінің тоқтағанына 2 айға жуықтаған.
СЕРГЕЙ МЫЛЬНИКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Аптасына 3 мәрте гемодиализге барамын. Әсіресе ем-домнан кейін жоғарыға көтерілу әбден қиын. Күшім таусылады. Шаршаймын. Онсыз да денсаулығым жоқ. Оның үстіне подъездің есіктері де жабылмайды.
72 пәтерлі тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерді. Баспаналардың дені көпбалалы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, яғни әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға тапсырылған. Қазір ауладағы асфальт опырылып жатыр. Ал жауын жауса, төбеден су сорғалайды, жертөлесі кәріз суына толы.
ВИКТОР ВАЛЕНТЮКЕВИЧ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Сәуір айында кілттерді облыс әкімі, банк төрағасы салтанатты түрде табыстады. Бір айдан кейін халық жаппай көше бастаған соң, проблемалар шыға бастады. Сантехника дұрыс жасалмаған. Салдарынан лас су жертөлеге ағады. Шатыры да дұрыс емес. Мұның бәрі халықты мезі қылды.
Әкімдік өкілдері кемшіліктің барлығы кепілдік аясында қалпына келтірілетінін айтты.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Лифтіні тексеру әрі жөндеу жұмыстары мердігер есебінен жүргізіледі. Бүгін шаруалар басталып кетті. Ал шатыр мен жертөледегі олқылықтарға қатысты құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары мердігермен бірлесіп, тексеріс жүргізеді.
Жалпы шаhарда бүгінде тұрғын үй мәселесі өзекті. Сондықтан жыл соңына дейін қалада 215 мың шаршы метр жаңа баспана қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.