1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда тұрғын үй мен жеке меншік құқығын қорғауға қатысты нормалар күшейтілді. Енді сот шешімінсіз азаматтарды баспанасынан шығаруға жол берілмейді. Бұл талап тұрғын үйді заңды негізде пайдаланып жүрген жалға алушыларға қатысты. Жаңа нормалар іс жүзінде қалай қолданылады?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мына тұрғын үй кешенінен жақында пәтер сатып алдым. Енді оны жалға бермекпін. Бірақ бүгінде баспананы кілтін ұстата салу жеткіліксіз. Өйткені 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда тұрғын үйді жалға беру саласына қатысты да жаңа нормалар енгізілді. Ендеше, пәтер иесі үйіне жөнді, дұрыс қарамайтын жалға алушылардан өзін қалай қорғай алады? Келісімшартқа қандай тармақтарды міндетті түрде енгізу керек? Ал дау туындаса, заң кімнің мүддесін қорғайды? Бұл сұраққа заңгерлер мен сарапшылардан жауап аламыз.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен, жалға беру ауызша емес, міндетті түрде ресми келісімшарт арқылы рәсімделуі керек. Бұл – пәтер иесі мен жалға алушы үшін ең сенімді қорғаныс. Құжатта жалдау мерзімі, ай сайынғы төлем, пәтерде тұратын адам саны, келісімді бұзу мен баспананы босату тәртібі нақты жазылуы тиіс. Барлық жиһаз бен тұрмыстық техникаға дейін фотоқұжатпен тіркелгені дұрыс.
АЗАМАТ АБДУЛГАЗИЕВ, РИЕЛТОР:
— Пәтерді техникалық тұрғыда жиһаз соған байланысты депозит алады. Жалға алушы ол пәтерді депозитсіз алатын болса, техникасын сындырып кетуі мүмкін. Кей уақыттарда жалға алушылар тоңазытқышты ауыстыра салуы мүмкін. Жаңа тозатқышты сатып жіберіп, оның орнына ескі тоңазытқышты қоя салады. Бұл заңнама бойынша келісімшартта толыққанды пәтердің суреті қандай техника, қандай модельде бүкілі көрсетіледі. Сол арқылы өз құқығын қорғай алады.
Бұл талаптар еліміздің заңнамасында бұрыннан бар. Алайда жаңа Конституцияда тұрғын үй саласында азаматтың құқығын қорғау қағидаты жеке норма ретінде нақты бекітілді. Пәтер иесі жалға алушыны өздігінен баспанадан мәжбүрлі түрде шығара алмайды. Бұл тек сот шешімі арқылы жүзеге асуы керек.
СЕРІК БЕРКАМАЛОВ, ЗАҢГЕР:
— Бұл нормалар екі жақты да қорғайды. Пәтерді жалға алушы өзінің міндеттерін нақты орындап жатса, сомасын уақытында төлеп жатса, пәтердің иесі себепсіз шығара алмайды. Жалға алушы өзінің міндеттерін орындамаса, әрине, сот оны пәтерден шығаруға құқылы.
Заңгерлердің сөзінше, егер тараптар арасында дау туындаса, сот процесі бір айдан жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Оған қоса, заңгердің қызметіне жұмсалатын шығын тағы бар. Сондықтан мамандар жалға алушы мен пәтер иесіне жалға беру шартын мұқият әзірлеуге кеңес береді. Бұл кейін туындауы мүмкін тұрғын үй дауларының алдын алып, қос тараптың да құқығын қорғайды.
Жалпы, риелторлардың мәліметінше, бүгінде пәтерін жалға беретін меншік иелерінің шамамен 80 пайызы бұл табыстан салық төлемейді. Дегенмен бір немесе екі пәтерді жалға беру көп жағдайда кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылмайды.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.