Ақтөбеде қоқыс дауы: тұрғындар әкімдікке жиналды

Ақтөбеде қоқыс мәселесіне байланысты дау шықты. Қала әкімдігіне Тұран ауылының тұрғындары жиналды. Олардың айтуынша, елді мекенге халық қоныстана бастағанына 10 жыл болса да, әлі күнге дейін тұрмыстық қатты қалдықты шығару мәселесі шешілмеген. Тұрғындар қоқысты өз күшімен полигонға тасуға немесе аулаларында өртеуге мәжбүр. Аталған мәселе бойынша бірнеше рет жауапты мекемелер мен қоқыс шығаратын компанияларға жүгінген. Алайда оларға ауылда халық саны аз болғандықтан қызмет көрсетілмейтіні айтылған. Ал ауыл тұрғындары: «Тұранда мыңнан аса адам тұрады», — дейді. Дегенмен әкімдік алдындағы кездесуден кейін шенеуніктер бұл мәселені жуық арада шешуше уәде берді.
ӘДІЛХАН ӘНЕШОВ, ТҰРАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ауылда тұрғылықты халық көп. Бірақ, өкінішке қарай, 1-2 жылдан бері қоқыс мәселесі шешілмей келеді. Бізге «Нео Плюс» ЖШС жауапты деді. Бірақ әлі бізбен келіссөз жүргізген жоқ.
БАЯНБЕК ҚЫРЫҚБАЕВ, АСТАНА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Кездесуде қоқыс шығару мәселесі көтерілді. Бұл мәселе бойынша келісімге келдік. Жауапты мекеме – «Нео Плюс» ЖШС. Бүгінгі кездесуге компания өкілдерін де шақырдық. Тұрғындар тарапынан бастамашыл топ құрылып, олар компаниямен бірлесіп әрбір абонентпен, яғни тұрғындармен жеке келісімшарт жасасады. Осыдан кейін қоқыс шығаратын компания өз жұмысын бастайды.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал