Шымкентте аптап ыстық күшейді. Ауа температурасы 40 градустан асып, тұрғындарға күннің ыстығында сыртқа шықпау ескертілді. Қалада көшелерге су себіліп, салқындату жұмыстары жүргізілуде. Ал өрт сөндірушілер ыстықтан қорғанудың ерекше жолын тапты. Олар балалар алаңына су шашып, жазғы думанға айналдырды.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Өрт сөндірушілер жазғы аптаппен күресіп жатыр. Олар шілденің шіліңгір ыстығынан қорғанудың ерекше жолын тапты. Бір сәтте ойын алаңы нағыз жазғы думанға айналып, балалар ғана емес ересектердің де қуанышқа бөледі.
Қатты ыстықта ойын алаңындағы сырғанақ пен әткеншектің өзі қол күйдірердей қызып кеткен. Сондықтан құтқарушылар аулаларды аралап, балалар алаңына су шашып жатыр. Бір сәтте алаң жасанды жаңбыр астында қалып, аптаптан мезі болған жұрттың жүзіне күлкі үйірілді.
Мұндай жұмыстар бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Су шашатын арнайы техникалар тұрғындар көп жиналатын аулаларға барып, күннің аптабын аз да болса басуға күш салуда. Мамандар мұндай сергіту шарасы алдағы күндері де жалғасатынын айтады.
БАҚДӘУЛЕТ МӘЛІК, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Аптап ыстыққа байланысты 2-3 күннен бері қолға алынып жатыр. Ауладағы балалар алаңшасына су шашпақ ұйымдастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан 5 техника бар. Бәрі демалыста болғаннан кейін әкімдік пен төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, осындай іс-шара қолға алынды.
Көңілді сәттер бір сәтке аптапты ұмыттырғанымен, мамандар қауіптің әлі де жоғары екенін ескертеді. Әсіресе дәл осындай 40 градустан жоғары ыстықта күн астында ұзақ жүру денсаулыққа ауыр салдар әкелуі мүмкін. Әсіресе, балалар, қарттар және созылмалы ауруы бар адамдарға дәрігерлер қарапайым сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.
Ал Алматыда аптап ыстыққа байланысты көшелерде «жылжымалы субұрқақтар» жүр. Қаланы абаттандыру және көгалдандырумен айналысатын компания су себетін Арнайы техникаларды іске қосты. Мұндай тәсіл ауа температурасын төмендетіп, көшедегі шаң-тозаңды азайтуға көмектеседі.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.