Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездесті. «Дөңгелек үстел» форматында өткен жиын барысында 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салаларды қамтиды. Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Еуразиядағы жаңа технологиялық дәуірдің келбетін бірге қалыптастыра алатынына сенім білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құруға, жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі басқосуымыз жаңа бірлескен жобаларға, ауқымды инвестицияларға жол ашады деп сенемін
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды. Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жалпы, Қытай елі Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.